Көкшетау қаласында жаңадан салынып жатқан Сарыарқа шағын ауданының тұрғындары мектеп мәселесімен бетпе-бет келген. Обалы не керек, мұнда жаңадан мектеп салынды. Бірақ бұл нысан дарынды балаларға арналған IT мектепке айналып шыға келген. Оған қарым-қабілеті жоғары балалар ғана білім ордасына тест тапсыру арқылы қабылданады. Демек, қарапайым балалар үшін бұл мектептің есігі тарс жабық. Бұл жағдай балаларын шалғай мектептерге сүйреген ата-аналарға қиын соқты. Өкініштісі, түйінді мәселе биыл тағы да сол күйі қала беретін сияқты...
Бүгінде ондаған мың халық тұратын облыс орталығындағы Сарыарқа шағын ауданы күн санап ұлғайып, өсіп келеді. Тұрғындар мұндағы тұрғын үйлерінің сапасыздығы, жол, қоғамдық көлік, су, жарық сияқты өзекті жайларды айтып, жергілікті билікке жиі шағымданады. Оған қоса, 10 мың адам тұратын аумақтағы мектептің болуы да талайдың жүйкесін жұқартқан. Сарыарқа шағын ауданы тұрғындарының айтуынша, алғашқыда осында бой көтеріп жатқан мектепте шағын аудан тұрғындарының балаларына арналғаны айтылған. Дегенмен, мектеп пайдалануға берілер тұста ол IT мектеп деген мәртебеге ие болады.
«Биыл екі бірдей балам бірінші сыныпқа баруы керек. Бағымызды сынап үйіміздің іргесінде болғасын IT мектебіне балаларымыз тест тапсырған. Бірақ өкінішке қарай өтпей қалды. Тестілеуде 60 сұрақтың бәріне дұрыс жауап беруі керек екен. Бірақ бұл мүмкін болмады. Кейін мектеп директорының қабылдауына кіріп балаларымды қабылдауын өтіндім. Директор балалардың толық болуына байланысты қабылдай алмайтынын, тек тестілеуден өткендер ғана қабылданатынын айтты. Қыркүйек жақындап, басқа мүмкіндік болмаған соң амалсыз №17 мектепке балалардың құжаттарын тапсырдым. Бұл мәселе жалғыз мен емес, Сарыарқада тұратын жүздеген отбасының бас ауруына айналған мәселе. Мәселен, біздің жанымыздағы тұрғын үйлерде 200-ден астам бала осы мектепке бара алмай отыр. Балалар Васильков шағын ауданындағы №17 мектепке, Центральный шағын ауданындағы №19 мектепке, кейбірі тіпті қаланың шалғай аудандарына қатынап оқуға мәжбүр. Балаларды мектепке апару үшін тікелей автобус та қатынамайды. Сондықтан не жұбайым, не өзім жұмыстан қалып, балаларды мектепке тасымалдауымызға тура келеді», – дейді Сарыарқа шағын ауданының тұрғыны Көгершін Бәкібаева.
Аталған мәселе жөнінде облыстық Білім басқармасынан түсініктеме пікір беруін сұрап хабарластық. Басқармадағылар мәселеден хабардар екенін, дегенмен оны көршілес шағын аудандағы мектепке кіргізу арқылы шешімін тауып отырғанын мәлімдеді.
«№17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы Васильков, Көктем және Сарыарқа шағын аудандарында тұратын балалар оқиды. Соңғы уақытта көп қабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты аталған білім беру ұйымында сынып-комплектілерінің толып кетуі байқалады. Осыған байланысты №17 мектеп-гимназиясының 1-4 сынып оқушыларының 10 сынып-жиынтығы №19 жалпы білім беретін мектепке орналастырылады. №17 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін оқу кабинеттері бөлінеді, оқыту екі ауысымда жүргізіледі. Әл-Фараби атындағы IT лицей – бұл кеңейтілген және тереңдетілген жаратылыстану-математикалық бағытты қамтамасыз ететін жалпы білім беретін және қосымша білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны. Лицейге қабылдау тестілеу, әңгімелесу негізінде жүзеге асырылады. Мерзімдерді, нысандар мен тапсырмаларды білім беру ұйымы дербес айқындайды», – деді Ақмола облысы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Бейсембаева.
Дегенмен, Сарыарқа шағын ауданында орналасқан IT мектептің директоры !йгерім Қошановамен тілдесу мүмкін болмады. Қанша хабарлассақ та мектеп директорымен хабарласа алмадық. Ал №17 орта мектептің директоры да көршілес шағын аудандардағы оқушылардың түгелдей қабылданып жатқанын алға тартты.
«Қазір №17 мектеп-гимназиясында 3300 оқушы білім алады. Көршілес шағын аудандардан балалар көп қабылдануына байланысты біздің мектепте орын болмағандықтан Көкшетау қаласы әкімдігі білім бөлімінің келісімімен №19 орта мектептен 6 кабинет бөлінетін болды. Біздің мектептің 10 сынып-комплектісі бөлінген осы сынып кабинеттерінде оқитын болды. Онда біздің №17 мектептің мұғалімдері барып сабақ бермек. Екі оқу ісінің меңгерушілері кезекпен барып мектептегі оқушылардың тәртіп жағдайларын бақылайды. Бұл жағдайдан аталған мектептің басшылары мен орынбасарлары да хабардар. Мектеп әдеттегідей екі ауысымда жұмыс істейді. Жалпы, Сарыарқа ауданында екі бірдей мектеп салынып жатыр. Олар келер жылы пайдалануға беріледі», – дейді Көкшетау қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының директоры Раушан Хасенова.
P.S. Жергілікті билік балаларды бірнеше мектепке бөліп мәселені шештік деп тоқмейілсиді. Әйтсе де, балаларын іргедегі оқу орнына орналастыра алмаған ата-аналар бұл шараны құптай қоймайды. Мәселенің келер жылы жаңадан мектептердің пайдалануға берілуімен шешілер-шешілмесін уақыт көрсете жатар...