Павлодардағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар қызды аяусыз ұрып-соққан
Павлодардағы балабақшада тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар қызды аяусыз ұрып-соққан
© informburo.kz
1,815
оқылды
Павлодар қаласындағы №4 балабақшада тәрбиешінің көмекшісі 3 жасар қызды ұрып-соққан, – деп хабарлайды облыстық Полиция департаменті. Оқиға кеше, яғни 9 тамыз күні болған. Полицияға шағымды баланың ата-анасы түсірген. Видеода тәрбиеші баланы аяусыз ұрып, төсекке лақтырып жатқанын анық көруге болады. Артынша қызды сабалап, үстіне көрпесін лақтырып, тұншықтырған.
«Аталған факті тіркелді. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап, бейнебақылау камераларынан алынған материалдарды зерттеуде. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.
Павлодар қаласы Білім басқармасы   бұл оқиғаны растады. Тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылды, ал балабақша меңгерушісі сөгіс алды деп отыр.
«Баланың аяғы көгеріп қалды деген шағыммен қыз баланың анасы келді. Бейнебақылау камерасы арқылы қарағанда түскі уақытта тәрбиешінің көмекшісі ұрғаны анықталды. Қазір ол жұмыстан шығарылды. Іс-материалдары құзырлы органға жіберілді», –  деп мәлімдеді Павлодар қаласының Білім басқармасы.