Өткен сейсенбіде Атырауды түтін басып қалды. Облыстық Экология департаменті мұның нақты себебін әлі дөп басып айта алмай отыр, – деп жазды "Ақ Жайық" газеті.
"2022 жылғы 9 тамызда Атырау қаласында шаңды тұманның пайда болуына байланысты Экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау бөлімінің мамандары атмосфералық ауадан сынама алды", – делінген ресми хабарламада.
Ауа сынамаларын алу Пропарка, Химпоселок ауданында, қаланың оң жағындағы тазарту қондырғыларында жүргізілді. Қала тұрғындары резерваттағы қамыстың өртенуі түтіннің шығуына себеп болуы ықтимал деген болжам айтты.
Сондай-ақ осы уақытта Атырау мұнай өңдеу зауытында зиянды заттардың ауаға тарауы тіркелгені туралы хабарлама пайда болды.
Бірақ компания бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі зауыттың штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, атмосфераға ешқандай зиянды зат тарамағанын және бірде-бір төтенше жағдай тіркелмегенін хабарлады.
"Сонымен қатар бүгінгі желдің бағыты солтүстік-шығыстан болып тұр, яғни жел Атырау жақтан соғып тұр, бұл қала ауасының жағдайына ешқандай әсер ете алмайды. Сондықтан Атырау мұнай өңдеу зауытындағы өндіріс процесі қалада түтін тудыруы мүмкін емес", – деп жазылған хабарламада.
AirKaz ауа жағдайының мониторингі сайты ұсынған мәліметтер бойынша, Химпоселок аймағында ауаның ластану деңгейі артқаны байқалады.