Автобус жүргізушісі куәлігін алудың талаптары жеңілдеуі мүмкін
Автобус жүргізушісі куәлігін алудың талаптары жеңілдеуі мүмкін
281
оқылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының орынбасары Алтай Сембекұлы «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін талаптарды жеңілдету ұсынысын айтты.
«Қаладағы автобус жүргізушілерінің тапшылығына тоқталсақ, бұған «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуға жоғары талаптардың болуы да ықпал етіп тұр. Осы талаптарды жеңілдету үшін «Жол жүрісі туралы» және «Автомобиль көлiгi туралы» заңдарына толықтырулар енгізу керек. Сондықтан бұл мәселе Үкімет басшылығы деңгейінде бірнеше рет қаралды», – деді А. Сембекұлы министрлікте өткен кеңесте.
Оның айтуынша, Парламент Мәжілісі депутаттары «D» санатындағы куәлікті алу тұрғысында тиісті заңнамалық түзетулерге бастамашылық жасаған.
«Алайда жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі мәселесіне жетекшілік ететін орган ретінде Ішкі істер министрлігі бұл ұсыныстарды қолдамай отыр. Осы орайда бұл мәселені талқылау үшін Ішкі істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізу керек», – деді комитет өкілі.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде «D» санатындағы жүргізуші куәлігі елімізде 387 713 адамда бар. Ал «D» санатындағы көліктердің жалпы саны 63 501-ді құрап отыр. Бұл тұрғыда қалалардағы бағдарларға 10 525 автобус жұмылдырылған. Бұдан бұрын хабарланғандай, Алтай Сембекұлы қалаларда жолаушылар тасымалы саласында әлеуметтік маңыздағы бағдарларды субсидиялау проблемаларын айтты. Соңғы 4 жылда субсидиялау сомасы бес есе өсіп, 102 млрд теңгені құрады. Дегенмен бұл қаражаттың 80 пайызға жуығы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына ғана тиесілі болды.