Қызылорда қаласында отбасы шырқын бұзған 852 адам есепке алынды. Облыс орталығында жыл басынан 102 арнасына отбасы жанжалы бойынша 962 хабарлама түскен. Тұрмыстық қарым-қатынаста сыйламаушылық әрекетін жасағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен 78 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«Полиция отбасы шырқын бұзған 852 адамды қорғау нұсқамасы санатымен есепке алды. Сондай-ақ, 234 адамның мінез-құлқына қатысты сот қаулысымен ерекше талаптар белгіленген. Оларды жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары тұрғылықты мекенжайлары бойынша үнемі тексереді. Қайта құқық бұзушылыққа бармау бағытында түсіндірме жүргізіледі», – деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.
Ведомство мәліметінше, қала аумағында 3 әлеуметтік дағдарыс орталығы бар. Аталған орталықтарда жыл басынан бері 87 әйелге әлеуметтік көмек көрсетілген.