«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді қазақ даналығы. Расында, бабадан балаға жеткен осынау тектілігіміз қай кезде де өз құндылығын жойған емес.
Бүгінде ел ішінде әке мен ана жолын қуып, отбасылық кәсіпті немесе мамандықты жалғап жатқан жанұялар аз емес. «Бөрі ізін бөлтірік басты» деп жатады мұндайда тағы халқымыз. Міне, сондай дәрігерлер династиясының бірі – Жамбыл облысы Шу ауданындағы Тұрғынбаевтар әулеті.
Отағасы Тұңғышхан Тұрғынбаев пен жары Клара Саяққызын Алматы мемлекеттік медицина институтында оқып жүрген кездерінде тағдыр тоғыстырады. Жұптары жарасқан жас мамандар дипломдарын қолға алған бойда туған жерге ту тігіп, Шу өңіріне оралады. Клара Талдықорғанның қызы болса да, отағасына еріп, бақытын Әулиеата жерінен тапқан жан. Еңбек жолын елді мекеннен бастаған дәрігерлер бүгінде 42 жылын медицина саласына арнап келеді. Қазір Тұңғышхан Мұхамеджанұлы Шу қалалық ауруханасының хирург-дәрігері болса, Клара Саяққызы «Стоматолог» емдеу орталығының басшысы. Тұңғышханды ауылдағы ағайын талай жанды ажал аузынан аман алып қалған білікті дәрігер ретінде біледі. Ел үшін еткен еңбегі елеусіз қалмай ол Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы және «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» медалымен марапатталған. Сондай-ақ «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісіне де ие.
Ал Клара Саяққызы «Стоматолог» емдеу орталығында 50-ге жуық қызметкермен ұлт саулығы үшін аянбай тер төгіп келеді. 1997 жылдан жеке медициналық бағытқа бет бұрған отанасы 2009-2016 жылдары аудандық іскер әйелдер кеңесін де басқарған. Осылайша «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген» ананың кәсіпкер әйелдер арасында да абырой-беделі бар.
Тұңғышхан мен Клараның ұл-қыздары да ата-ананың жолын жалғап келеді. Қыздары Айза Қазақ ұлттық медицина университетін үздік бітіріп, біраз жыл анасының жеке медициналық мекемесіне жәрдемдескен. Қазір Алматы қаласындағы әскери госпитальде еңбек етеді.
Ал ұлдары Ілияс жоғары дәрежелі уролог-дәрігер. Бүгінде ол елордада медициналық сақтандыру бағытында лауазымды қызмет атқарып жүр.
Отбасының тағы бір қызы Малика О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебін үздік бітіріп, Мәскеу қаласындағы әйгілі Ресей мемлекеттік кинематография университетінде білімін шыңдаған. Қазір ол ұсыныс бойынша Ресей мемлекетінде қалып, сонда жұмыс істеп жүр.
Тұрғынбаевтар әулетінде кейінгі буынның да адам жанының арашашысы болуға қызығушылық танытып жатқандары көп. Дәлірек айтсақ, Тұңғышхан мен Клараның немерелері де дәрігер болуды армандайды.
– Негізі біз балаларымызға дәрігер бол деп айтқан емеспіз. Алайда, күнделікті үйдегі әңгіме медицина саласымен байланысты болғандықтан ұл-қыздарымыз осы мамандықтың қыр-сырына қанығып өсті. Енді, міне, төрт немерем де медицина маманы атанамын деп құлшынып отыр. Әзірге олар жас болғандықтан беттерін қақпай, белін буып жатырмыз. Уақыт келе, өздерінің нақты бір таңдауларын жасар.
Одан бөлек ағайын-бауырлардың арасында да балалары медицина жолын таңдағандары бар. Бір сөзбен айтсақ, бүгінде әулетімізге жақын жандар арасында 10-нан аса дәрігер шығып отыр, – дейді Клара Саяққызы.
Тұрғынбаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген жанұя. Қай жағынан алып қарасаң да, абыройы тасыған отбасы көпке үлгі екені анық. Біз де дәрігерлер династиясы атанып, адам жанына араша түсіп жүрген әулеттің мерейі әрдайым үстем болсын деп тілейміз!