Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 9,5 миллион теңге айыппұл салынатын болады
Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға 9,5 миллион теңге айыппұл салынатын болады
© qazaqstan.tv
665
оқылды
Мемлекеттік рәміздерді қорлағандарға салынатын айыппұл мөлшерін 3 мың АЕК-ке дейін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына  Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды.  Айта кетейік, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар мемлекеттік рәміздерді қорлау бойынша заң баптарын барынша қатайтуды, белгіленген айыппұл мөлшерін екі есе көбейтуді және жаза мерзімін 5 жылға дейін ұзартуды талап еткен болатын.
«Қазір  Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабында көзделген жауапкершілікті қатаңдатуды, соның ішінде ең жоғары айыппұлды 2 000-нан 3 000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және қоғамдық жұмыстарға тартудың ең ұзақ мерзімін 600-ден 900 сағатқа дейін ұлғайту бойынша түзетулерді мүдделі мемлекеттік органдар пысықтап жатыр», делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен еліміздегі 1 АЕК 3 180 теңге. Демек, ендігі уақытта мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 9 540 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады.