Нұр-Сұлтан қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 17 мыңға жуық балаға материалдық көмек беріледі. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтты.
«Әр балаға 40 мың теңгеден қаржы бөлінді. Қоғамдық көлікте балалар тегін жүреді. Кітап алуға 3 миллиард теңге қаражат бөлінді. Оқу жылында 1 миллион жаңа кітап таратылады», – деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ бұл бағытта «AMANAT» партиясы да «Баланы мектепке даярлайық!» деген акция өткізіп жатыр. «AMANAT» партиясы Қоғамдық қабылдау бөлімінің жетекшісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көмекке мұқтаж отбасыларға үнемі көмек көрсетіледі.
«Бір-екі аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Бұл – мектепке баратын баласы бар әр отбасының өміріндегі үлкен оқиға.
Қазір менің 5 оқушым бар және баланы мектепке жинау қаншалықты қиын екенін білемін. Барлығына қажет жақсы мектеп және спорт формасы, аяқкиім, рюкзактар, күнделік, дәптерлер, қаламдар, галстук және басқалар. Егер ата-ананың бәрін сатып алуға мүмкіндігі болса жақсы. Бірақ, өкінішке қарай, бізде көмекке мұқтаж көптеген отбасы бар. Сондықтан AMANAT партиясының «Бақытты отбасы» жобасы бар, оның аясында жыл сайын «Баланы мектепке даярлайық!» акциясы өткізіледі.
Бүгін бізге, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің қызметкерлеріне 6 тамаша қыз, оның ішінде, 4 оқушы қыз өсіп келе жатқан бір отбасына көмек көрсету бақыты бұйырды. Біз әрқайсысы үшін заттарды мұқият таңдадық. Белдемше, жейде, рюкзак, спорттық костюмдердің ең жақсысын таңдадық. 1-сыныпқа баратын Жаңыл үшін оған дәмді торт пен шарларды ұсындық. Балалар оқудан басқаға алаңдамауы керек», – деді Әлия Садырбаева.