Өркениетті елдерде жұмысшылардың мүддесін қорғауда кәсіподақтың рөлі зор. Ал біздің кәсіподақ осы әлеуметтік маңызын жоғалтқан. Өйткені атқарушы билік өткен отыз жылда түрлі тәсілдермен оларды әбден жаныштап, «азу тісін қағып» алған. Сол себепті еңбек қатынастарына байланысты дау-дамай туындаған кезде жұмысшы қауымы кәсіподақтарға сенім арта бермейді.
Қазақстанда үш тәуелсіз кәсіподақ бірлестігі бар: Кәсіподақтар федерациясы, «Аманат» Қазақстан кәсіподақтарының ынтымақтастығы және «Қазақстанның еңбек конфедерациясы» кәсіподақтарының республикалық бірлестігі. Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, олардың құрамына елдегі жалдамалы жұмысшылардың 3 миллионға жуығы кіреді.
«Біздің жүйеге 26 салалық, 17 өңірлік және 17 мыңға тарта бастауыш кәсіподақ ұйымдары кіреді. Жалпы, республика бойынша жұмысшылардың 40 пайызы кәсіподақ қозғалысымен қамтылған. Оның ішінде басқа кәсіподақтар да бар. Кәсіподақтардың басты міндеті – жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқын қорғау», – дейді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Қаңтар оқиғасы тәуелсіздік жылдарында бұқаралық сипат алған ең ірі ереуіл болды. Оған Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты жұрттың жолды жауып тастауы түрткі болып, сосын ол бүкіл Маңғыстау өңіріндегі мұнайгаз кәсіпорындары жұмысшыларының көтерілуімен жалғасты. Кейін Жезқазғандағы «Қазақмыс» компаниялар тобының жұмысшылары Жаңаөзенді қолдап наразылық акцияларын өткізді. Оларға Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысшылары мен Теңіз кенішінің мұнайшылары қосылды. Ереуілшілерге басқа қалалардағы да еңбек ұжымдары мен жұмыссыз жандар қолдау көрсетті. «Аманат» Қазақстан кәсіподақтары ынтымақтастығы белсендісі Жанат Айтуғановтың айтуынша, наразылық акцияларын жергілікті еңбек ұжымдары басқарған. «Ереуілшілерді еңбек ұжымдарының арасынан шыққан белсенділер басқарып, әр ұжым өз деңгейінде тәртіпті сақтап тұрды. Олар өздерінің арасына бөтендерді кіргізбеді, арандатуға жол бермеді», – дейді Ж.Айтуғанов.
Еңбек дауының тұтануына не себеп?
Еңбек қатынастарында наразылықтың туындауына себеп көп: жалақы, әлеуметтік мәселе, жайсыз еңбек жағдайы, т.б. Егер дау-дамай дер кезінде шешілмей, кәсіподақ жұмыс берушімен ортақ мәмілеге келе алмаса, ол бірде болмаса бірде жұмысшыларды көшеге алып шығады. Ал оның арты адам өліміне, қаншама материалдық шығындарға, экономикалық дағдарысқа ұрындыратынын өмір талай көрсетті.
«Жұмысшылардың ереуілге шығуы – кәсіподақтардың емес, Үкіметтің кемшілігі. Біз Конституциядан бастап, кәсіби одақтарға қатысты өзімізге заңмен берілген құзырет шегінде жұмыс істейміз, жұмысшыларымыздың құқын Жарғыда бекітілген талаптар аясында қорғаймыз. Ал Еңбек заңында қандайда бір даулы мәселені шешу үшін жұмысшылардың жалпы жиналысы өткізіліп, онда кворум сақталуы керек делінген. Егер екі тарап онда да ортақ келісімге келе алмаса, онда жаңадан келісім комиссиясын құрамыз. Оның отырысында да кворум сақталуы тиіс. Бұл өте ұзақ процесс және кворум жинау оңай емес. Мәселен, 1000 адам жұмыс істейтін компанияларда жиналыстың өтуі заңды болуы үшін еңбекші қауымының елу пайыздан астамы, яғни 501 адам жиналу керек. Мұнша адамды қайта-қайта жинау мүмкін бе? Оның үстіне жиналыс өткізеді екенмін деп мұнай, металлургия, энергетика сияқты салаларда жұмыс процесін тоқтатып қоя алмайсың. Сондықтан біз Үкіметке еңбек дауларын шешудің жеңілдетілген механизмін енгізуді сұрап, ұсыныс жолдағанбыз», – дейді Еңбек конфедерациясының бас хатшысы Мұрат Машкенов.
Оның айтуынша, Қазақстандағы еңбек дауларының ереуілге ұласып кетуінің бір себебі осында жатыр. Одан да қауіптісі, егер Үкімет, жұмыс беруші және жұмысшы қауымы ортақ әлеуметтік келісімге келмесе, дүрбелең оқиғалар әлі де қайталана беруі ықтимал. Өйткені алда оқу маусымы басталады, балаларды мектепке дайындау керек, одан әрі қылышын сүйретіп қыс жақындап қалды. Тарифтердің бәрі өсіп жатыр. Азық-түлік бағасы шарықтап барады. Инфляция ырық берер емес. Енді электр энергиясы қымбаттайды деген әңгіме естіледі. Ал жұмысшылардың жалақысы өскен жоқ, адамдарға өмір сүруі қиындап барады. Мұның бәрі еңбекші қауымның наразылығын тудыратыны сөзсіз.
«Бізге Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50 пайызы деңгейінде бекітіледі. Бұл Қазақстанның мысалында шамамен 125 мың теңге болуы керек. Сондай-ақ бірқатар елдерде төменгі жалақы «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын күнкөріс деңгейімен есептеледі», – деді Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес, қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттың және жұмыс беруші актілерімен белгіленеді. Бұл шарттар кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен рәсімделеді. Бірақ бүгінде елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына ғана кәсіподақтар қол қойған. Ал қалған шарттардың мазмұны қандай, ол жұмысшылар мүддесіне қайшы келмей ме, ол жағы күмән тудырады.
Парламентте кәсіподақ өкілдері неге жоқ?
Батыста кәсіподақтың ықпалы орасан. Олардың жұмысшы құқығын қорғаудағы табандылығы тәнті етеді. Еуроодақ елдерінде кәсіподақ өкілдері тіпті жоғарғы заң шығарушы органдарда жұмыс істейді. Олардың қатысуынсыз еңбек қатынастарына қатысты бірде-бір заң қабылданбайды. Егер қандай да бір саланың еңбек ұжымы ереуілге шықса, олар бірден кәсіподақтың қолдауына ие болып, жұмысшылар қозғалысы үлкен күшке айналады. Мұндай жағдайда Үкімет пен жұмыс берушінің наразы топпен мәмілеге келуден басқа амалы қалмайды.
Ал Қазақстанда кәсіподақтардың Еуроодақтағы сияқты Парламентте өз өкілдіктері жоқ. Мұндай жағдайда жұмысшы қауымының әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерін шешу оңайға түспесі тағы белгілі. Оның үстіне, министрліктердің, ведомстволардың және Үкіметтің регламентінде кәсіподақтардың ұсынысына міндетті түрде құлақ асу керек деген талап қойылмаған. Олар кәсіподақтарды көңілдері қаласа тыңдайды, қаламаса тыңдамайды.
«Наурыз айының ортасында Қазақстан Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі және кәсіподақтар арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Еңбек кодексіне сәйкес, Бас келісім жоғарыда аталған үш тараптың әлеуметтік әріптестік жөніндегі жазбаша рәсімделген құқықтық актісі болып саналады. Мұнда жұмысшылардың еңбек жағдайы, жұмыспен қамтылуы және әлеуметтік кепілдері мен міндеттері бекітілген. Оның бұған дейінгі Бас келісімдерден ерекшелігі құжатта нақты көрсеткіштер мен нәтижелер бойынша тараптардың өзара міндеттері қарастырылған. Егер бұған дейінгі Бас келісімде бұл міндеттер тек декларативті түрде қарастырылса, бұл құжат нақты нәтижеге сүйенген», – дейді Мұрат Машкенов.
Тағы бір жақсы жағы, Қазақстанның кәсіподақтары уақыт озған сайын халықаралық демократиялық кәсіподақтар қозғалыстарына барынша интеграцияланып барады. Жалғыз біз емес, көршілес өзбек, қырғыз ағайындарда да осы оң үрдіс байқалады. Әйтсе де, Еуропада капитализм, тиісінше еңбекші табы Орталық Азияға қарағанда ертерек қалыптасқандықтан, жұмысшы қауымның мүддесін қорғау мәселесіне келгенде, біздің олардан үйренеріміз әлі көп. Сарапшылардың айтуынша, бұл істе Өзбекстанның аяқ алысы жаман емес көрінеді. Ала шапанды ағайындарда барлық халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіподақтар туралы жаңа заң 2019 жылдан бастап жұмыс істейді. Бірақ көп жылғы сүйексіңді дағды қойсын ба, олар да посткеңестік елдердің бәріне тән әдеттен әлі арыла алмай жатқан жайы бар. Өйткені осы үш жылдың ішінде Өзбекстанда жаңадан бірде-бір тәуелсіз кәсіподақ құрылмаған. Әйтсе де, Cottoncampaign, UGF, ғаламдық кәсіподақ және басқа да халықаралық ұйымдардың арқасында Өзбекстанда мақта жинау науқанына мемлекеттік деңгейде бала еңбегін пайдаланбауға қол жеткізді.
Жалпы, «Әр елдің салты басқа...» демекші, Еуропаның да, Азияның да өзіне тән саяси, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері бар. Алайда қай мемлекеттің де кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруы үшін халықаралық еңбек стандарттарына сай заңнамасы мен институциялық ортасы болуы тиіс. Бұл – баршаға ортақ қағида.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалар жариялағанына қарамастан, кәсіподақтар әлі де мемлекеттің назарынан тыс қалып, жұмыс беруші оған зиянды элемент ретінде қараудан арыла алмай келеді. Ал енді еңбекші қауым үшін кәсіподақ керек пе дегенге келсек, сөзсіз керек! Бірақ жұмысшы қауымның қандай кәсіподақты таңдайтыны өзіне байланысты: өзінің құқын қорғайтын ұйымды ма, жұмыс берушінің сөзін сөйлейтін ұйымды ма?!