«Ата-ана қамқорлығынан айырылған жетім балалар» санаты бойынша баспана кезегінде тұрған Орал қаласының тұрғындарына жеңілдетілген шарттармен жеке пәтер алу мүмкіндігі пайда болды. Ол үшін әкімдік тізімінде кезек күтудің қажеті жоқ. Олар жеке баспанаға қол жеткізу үшін бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие ала алады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%, ең жоғары сома – 15 млн теңге.
Тұрғын үй мәселесін шешудің бұл әдісін Отбасы банк «Корпоративтік өнім» бағдарламасы аясында ұсынып отыр. Қолжетімді несиеге қажетті қаражатты Орал қаласының әкімдігі бөліп отыр. Тиісті келісімге бүгін қала әкімі Миржан Сатқанов пен банктің облыстық филиалының директоры Аида Ипатова қол қойды.
– Жеңілдікпен несие алатын үміткерлердің тізімін әкімдік құрды. Біз өз тарапымыздан олардың төлем қабілеттілігін тексеріп, заем береміз. Үміткерлердің арасында балалар жаттықтырушылары, мұғалімдер, ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлердің бар екені белгілі болды. Олардың көбі отбасы құрып үлгерген. Қолжетімді шарттармен несие алу арқылы үміткерлер отбасыларымен бірге қазір тұрып жатқан Жастар үйінен жеке пәтерлерге көшетін болады. Ал жеке баспана дегеніміз – болашаққа деген сенімділік пен әлеуметтік тұрақтылық. Жеңілдетілген несиелендіруге барлығы 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлу жоспарлануда, оның 50 млн теңгесі несиелендірудің бірінші кезеңіне жіберілмек. Болашақта бұл игі бастама өзінің жалғасын табады деп сенеміз және несиелер кейінгі транштардың түсуіне қарай беріледі,– деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Орал облыстық филиалының директоры Аида Ипатова.
Қазір Батыс Қазақстан облысында «ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде 2 578 балалар үйінің түлегі тұр, оның ішінде 1 907 адам Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй кезегінде бар. Қалада тұрғын үй құрылысының баяу жүруіне байланысты кезекте тұрғандарға баспана беру мәселесі тез шешілмей жатыр. Сондықтан әкімдік Отбасы банкімен бірлесіп, қала тұрғындарына жеңілдетілген несие беруде.
Оған Орал қаласында кемінде 1 жылдық тұрақты тіркеуі бар балалар үйінің түлектері өтініш бере алады. Олардың соңғы 5 жылда атына тіркелген баспанасы болмауы тиіс. Өтініш берген сәтте олардың Орал қаласында, таңдаған қызмет саласындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауы шарт. Сондай-ақ отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы 6 ең төменгі күнкөріс мөлшерлемесінен немесе 216 108 теңгеден аспауы керек.