«Қайсар қазақ әйелінің образын сомдай беремін» – Нұргүл Мыңғатова
«Қайсар қазақ әйелінің образын сомдай беремін» – Нұргүл Мыңғатова
828
оқылды

Нұргүл Мыңғатова – Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық  балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы. Соңғы жылдары отандық телесериалдарда жиі көрініп жүр. Оның көпшілікке көбірек танытқан рөлі – «Келінжан» сериалындағы Балқия бейнесі. Одан бөлек, «Құсайыновтар. Өмір жолы», «Сырластар» сериалына түсті.

– Нұргүл, кинодағы әйел образы мен театрдағы бейне мүлдем бөлек. Кинода кейіпкеріңді бірнеше рет қайталап түсіруге болады. Театрда дубль жоқ. Қайсысы көбірек қобалжытады? – Кино мен театр – екі бөлек. Бірінде кейіпкеріңді толық ашу үшін бірнеше рет түсіруге мүмкіндік бар. Театрда дубль жоқ. Театр сахнасына шыққан кезде қобал­житынымыз рас. Театр – тірі организм. Көрер­меннің алдында сахнаға шығуға тура келеді. Сахнада қателеспеу керек. Қателік жіберуге де құқың жоқ. Өйткені көрерменіңмен тікелей байланыстасың. Сенің бүкіл іс-әрекетің оларға көрініп тұрады. Кері шегіну де жоқ. Театр да, кино да актерге көбірек жауапкершілік жүктейді. Оның бүкіл болмысы, бейнесі, іс-әрекеті алақандағыдай көрініп тұрады. Сол себепті екеуін бөле жарып, біреуін қиын, біреуін жеңіл деп айтпас едім. – Бұрын сахнада батыр әйелдердің образы көбірек насихатталатын. Қазір заман басқа. Бүгінгі күннің батыр әйелдерінің бейнесі қандай? – Қазақ әйелін қай кезде де, қай кезеңде де батыр деп айтуға толық негіз бар. Олар жау­гершілік заманда қолына қылыш ұстап, ерімен бірге жауға қарсы шапса, бүгінгінің батыр әйелдері отбасын, ошақ қасын аман сақтау үшін «сары бала, қара қазанның» қамымен шапқылап жүр. Әнебір жылдары тіпті олар қолдарына ала дорба ұстап, базар-вокзал жа­ғалап кетті. Бұл да отбасын сақтаудың қамы болатын. Олар бәріне үлгереді: үйге де, жұ­мысында да тыңғылықты. Балаға да көңіл бө­ліп, тәрбиесін де ұмытпай, жанұшырып жүргендері. Бүгінгі әйелдің өз қиындықтары бар. Әлеуметтік ахуал да оларды алаңдатпай тұрмайды. Сондай қайсар, кез келген қиын­дықты жеңе білетін, жауапкершілікті сезіне алатын қарапайым әйелдердің образын кө­бірек сомдағым келеді. Ол бір жағынан ана­лардың мықты екенін көрсету болса, екінші жағынан осындай қайсарлықты көрермен де сезініп, біліп өссе деген ой. Нұргүл – «Келінжан» сізді Балқия рөлі арқылы көп­шілікке танытты. Кейде актер бір образдан шыға алмай қалып қояды. Бұл актриса үшін қа­уіпті ме? – Балқия образы көрерменнің көңілінен шығып жатыр. Кейде әлеуметтік желіде жекеге жазып, ақыл-кеңес сұрайтындар көп. «Сіз Балқия ретінде отбасындағы қиын­дықты қалай жеңіп шықтыңыз? Біз не істе­сек болады?» дейтін сауалдар да кездеседі. «Қайтсе де отбасыңызды сақтап қалуға тырысыңыз. Еркек кейде адасуы мүмкін. Ер адамның қателік жасауы – табиғатында бар дүние секілді. Басын тауға да, тасқа да со­ғуы мүмкін. Бірақ түптің түбінде ол өз ша­ңырағына, балаларының қасына, жарының жанына қайта оралары сөзсіз» деп жұбатамын. Әрине, бұл менің кеңесім ғана. Әйтеуір от­басы бұзылмаса, шаңырақ ортаға түспесе деген ізгі тілегім ғой. Әртіс бір образбен бір­неше күн ауырып жүруі мүмкін. Бірақ ол ары кетсе бірнеше күнге созылады. Кейде театрдан шығып, сол образдың кейпінде бір-екі сағат өмір сүресің. Ал ертесі мүлдем басқа образ, басқа бейне алдыңнан шығады. Кейде көрермендер «Балқия образы өз мінез­іңізге ұқсай ма?» деп сұрап жатады. Бал­қия – жиынтық образ. Оның бойында бір­неше адамның бейнесі бар. Жеңгелерімнің, келіндерімнің бойындағы кейбір мінездерін, болмысын сіңдіруге тырыстым. Сол үшін де образдан шыға алмай қаламын деген қауіп жоқ. – Қазір қандай сериалға түсіп жүрсіз? – Соңғы түскен сериалым – «Өткінші жаңбыр». Almaty арнасының тапсырысымен түсірілген сериал. Режиссері –Дархан Саркенов. Басты рөлде Жанар образын сомдадым. – Карантин шығармашылық ізденіске кедергі болмады ма? – Жоқ, мүлдем олай айтуға да келмейді. Біз театрмен үнемі байланыста болдық. Онлайн жүздесіп отырдық. Көп кітап оқыдық. Туыс-туғандармен, ағайынмен бірге болдық. Бұрын театр, кино деп, жақындарымызбен жиі жүздесе бермеуші едік. Керісінше, карантин кезінде сол жоғалтқан уақыттың бәрінің орнын толтыруға тырыстық. Әрі оңаша қалу – өнер адамының өз-өзіне есеп беруіне мүмкіндік тудырады. Сол тұрғыдан келгенде уақытты өте ұтымды пайдаландық. Қазір жұмыс қайта басталды. Театр көрермендерімен қайта қауышып жатыр. Біз сахнаға оралдық. Кино бөлек ғой, театр сахнасын сағындық. Көрермен де сағынған болар. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС