Жамбыл облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өтті.
Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіровтің төрағалығымен өткен жиында мектептерді күрделі жөндеу және құрылыс барысы, студенттердің колледждер мен жоғары оқу орындары жатақханаларындағы орындармен қамтамасыз етілуі, жанар-жағармай өнімдерімен қамтамасыз ету, азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Аталған мәселелер бойынша салалық басқарма басшыларының есебі тыңдалды. Дегенмен баяндамашылар сөз еткен статистикамен шын мәніндегі көрсеткіштің арасында айырмашылық бар. Мектептер құрылысына зерделеу жүргізген депутаттардың дерегі басқаша. Олар облыстық Білім басқармасының аймақтағы колледж жатақханасы, Ақтас ауылындағы жеке кәсіпкер салып берген ғимаратты бастауыш мектеп ғимараты ретінде мемлекет меншігіне алу мәселесін осы уақытқа дейін шешпегенін сынады.
Алда жиын-терінге аз уақыт қалды. Диқандардың ендігі міндеті – бітік шыққан егінді төгіп-шашпай қамбаға тасу. Бұл орайда жанар-жағармай қолбайлау болмауы керек. Фракция отырысында жауапты мамандар жанар-жағармайдан мәселе туындамайды деп сендіріп бақты. Ендігісін уақыт көрсетеді.
Сондай-ақ азық-түлік бағасын тұрақтандыру да қызу талқыланды. Ол бойынша Үкімет пен партия бірлесіп ілкімді жұмыс істеп-ақ жатыр. Байқағанымыз, азық-түлік бағасы райынан қайта бастаған. Алдағы мақсат – оның бағасын тұрақтандыру.
Фракция отырысында депутаттар анықталған олқылықтар бойынша ұсыныстарын жеткізді.