Ауылдың тұрмысын түзейді
Ауылдың тұрмысын түзейді
797
оқылды
Осыдан 3 жыл бұрын Жамбыл өңірінде пилоттық режимде бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасы Үкімет пен «AMANAT» партиясының бірлескен «Ауыл аманаты» жобасының ізашары саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «2025 жылға дейінгі халықтың табысын арт­тыру бағдарламасы» аясында жүзеге асы­рылып жатқан жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарын агробизнеске тарту, ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ші­лерді жан-жақты қолдау, елді ме­кен­дердің экономикалық әлеуетін арттыру және мамандануына сеп болу, жалпы аза­маттардың өмір сүру сапасын жақ­сартуға бағытталған. Аталған жобаны ел тұрғындарына кеңінен түсіндіру мақ­сатында партияның ақпараттық ма­рафоны елді мекендерді аралай бас­тады. Өткен аптада ақпараттық топ Жам­был облысына табан тіреді. Топ мү­ше­лері Жуалы ауданындағы Жетітөбе жә­не Қызыларық ауылдық округтерінің тұр­ғындарымен кездесті. Басқосуларда елді мекен тұрғындарына жобаның мақ­­саты мен субсидия алу жолдары кеңінен тү­сін­дірілді.
– Бұған дейін кооператив құру үшін жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою және белгіленген адам санын жинау мін­детті болса, бұл жобада небәрі 5 АЕК көлемінде жарна төлеп, тіпті 3 адам­нан бірігуге мүмкіндік бар. Қазір же­ке тұлғаларға басымдық беріліп жа­тыр. Бұл – жаңа кәсіп иелеріне үлкен кө­мек. Бағдарлама аясында субсидия алу­дан бастап кәсіпкер өнімін дүкен сө­релеріне орналастыруға дейін қара­лады. Шалғай ауыл халқымен кез­де­сулерде берілген кеңестердің бірі – ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болып, өз ұсыныстарын білдіру. Сонда жо­баға өзгеріс енгізу барысында ал­ды­мен халықтың сұраныс-тілегі сара­ла­нады. Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­циясының мамандары ауылдарға өздері барып, құжаттарды жинақтауға кө­мектеседі. Яғни, орталыққа барып са­былуға қажеттілік туындамайды. Бір сөз­бен айтқанда, бағдарлама ауыл тұр­ғындарының әл-ауқатын жақсартуға сеп­тігін тигізеді, – дейді коуч-тренер Ұлан­бек Нұрманов.
Сондай-ақ осы уақытқа дейін жоба сәт­ті жүзеге асқан ауыл әкімдері тә­жіри­белерімен бөлісті. Мәселен, 2019 жы­лы жобаға енген Ақтөбе ауылдық ок­ругінің әкімі Ғалым Жақыпбеков 191 тұр­ғын 224 миллион теңге несие алға­нын жеткізді. Ауыл әкімі жобаға дейін 98 азамат мемлекет тарапынан берілетін атау­лы әлеуметтік көмек алса, қазір тек 8 азамат аталған көмекті алуға өтініш бер­ген. Сонымен қатар Жуалы ауданы әкі­мінің орынбасары Рахымқазы Ку­ньязов жобаға енген ауыл тұрғын­дары­ның орташа айлық табысы 85 мың тең­геден 120 мың теңгеге дейін өскенін атап өтті.
– Ауыл тұрғындары үшін жоба өте тиім­ді. Себебі 2,5 пайызбен бірде-бір екін­ші деңгейлі банк несие бермейді. Ал әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­пора­ция­сы арқылы берілетін несие өте қо­лайлы. Мұндағы басты талап берілген қар­жы мақсатты жұмсалуы қажет. Мә­селен, ауданда 19 түрлі әлеуметтік тауар­дың 11 түрі өндіріледі. Жоба ар­қылы біз 19 түрлі тауардың барлығын өн­діруге қауқарымыз жетеді, – дейді аудан әкімінің орынбасары Р.Куньязов.
Өз кезегінде тұрғындар да жоба ар­қы­лы несие алуға талпынып отырғанын біл­дірді.
– Тұрмыстық табысты арттыруға ба­ғытталған жоба ауданның 2 ауылдық округінде жанданды. Сол кезде біздің де ауыл тізімге енсе деген іштей тілегіміз бол­ды. Енді, міне келер жылы несие алу­ға мүмкіндік туып отыр. Ауылға кел­ген «AMANAT» партиясының ақпарат то­бына алғысымыз шексіз. Ауылдас­тары­­мызға жоба туралы маңызды ақ­парат­тар берді, – дейді Кәріқорған ауы­­лының тұрғыны Ұлжалғас Мырза­ли­мова.
Өз кезегінде мобильді топ мүшелері жеңілдетілген несие алуда тұрғындарға қойылатын талаптарды айтып, қазірден тиісті құжаттарын реттеп қою керегін ескертті. Келесі кезекте мобильді топ Жам­был ауданының Ащыбұлақ және Қара­ке­мер ауылдарының тұрғындарымен кез­десті. Мұнда да топ мүшелері ауыл хал­қына жоба аясында кеңестерін бе­ріп, тұрғындармен пікірлесті. Тұр­мыс­тық табысты арттыруға бағытталған жо­ба туралы хабардар болған тұрғындар сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Түркістан облысынан кейін Жам­был жеріне табан тіреген мобильді топ 20-25 тамыз аралығында 20 ауыл және ауылдық округ тұрғындарымен кез­дес­пек.