Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылында тұратын Рүстем Айтбаев әке жолын жалғап омарташылық кәсіппен айналысады. Оның әкесі ерекше кәсіпке 1982 жылы ден қойып, одан өмірінің соңына дейін қол үзбеген екен.
Әкесі бақилық болған соң бұл кәсіп балаға мұра болып, Рүстем де омарташылықты игеруді мықтап қолға алды. Бала кезінен әкесінен көргендері мен көңілге түйгені Рүстемге көп көмегін тигізді. Бал арасын баптауда асқан қиындық туындаған жоқ. Соның арқасында әкеден қалған кәсіпті тұралатпай, ширатып алып кетті.
«Бал арасын баптау атакәсібімізге айналды. Бүгінде 300-дей ұяшықты күтіп-баптап отырмыз. Сондай-ақ Жаңақорғандағы шипажайдың да арасын мен бағамын. Шипажай ол араларды емдік мақсатта пайдаланады», – деп түсіндірді бізге омарташы.
Оның айтуынша, әр ұяшықта бір аналық ара болады екен. Ал аталық аралар көп болады. Негізінен, аралар бірнеше топқа бөлініп «жұмыс» істейді. Бірі су тасыса, келесі бөлігі бал жинаумен айналысады.
Араның күтімі де оңай емес. Екі мезгіл қарап, баптап отырмаса, ұясын тастап қашып кетеді екен. Омарташы бал араларын арнайы тіркемеде бағады. Осы тіркемемен оларды жайлы орынға көшіріп отырады екен.
Аралар да асылтұқымды болып, бірнеше топқа бөлінеді. Рүстем аналық араны Шымкент, Алматы қаласымен қоса, Ресей елінен арнайы тапсырыспен алдыртқан. Сол арқылы бал арасының санын арттырып, баптап отыр.
Бүгінде Рүстемнің иелігінде араның «Карпат», «Каменка» деген екі асылтұқымды түрлері бар. Негізінен, бал жинап, көл-көсір өнім беретін араның осы екі түрі. Оларға үлкен күтімнің де қажет екенін тілге тиек етті.
Қазір омарташы ұлы мен інісі үшеуі бал арасын өсіріп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Өндірілген өнімді арнайы тапсырыспен сатады. Сондай-ақ шипажайды да табиғи балмен қамтамасыз етіп келеді.
Омарташы өз сөзінде бал арасын өндірушілерге мемлекет тарапынан көмек берілмейтінін айтады. Ең алғаш кәсіпкер ретінде шаруасын заңдастырған кезде бір жылға субсидия алған. Одан кейін ешқандай көмек болмағанын алға тартты.
Ең бастысы, қысқа таяу өнім қалдырып, көктемге дейін араларды күтіп-баптау қажет. Осы аралықта араларды қантпен бағу қажеттілігі туындайды. Қысқы азық ретінде балдың біршама мөлшерін қорек ретінде қалдырады екен. Сол кездері аз ғана қаржылық қиындық болатынын жеткізді.
Негізінен, табиғи бал тез қатып қалады. Соны ерітіп, арнайы ыдыстарға құйып сатады. Бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Омарташы мұндай табиғи балдың адам денсаулығына пайдасы орасан екенін жеткізді.
Омарташы Рүстем – бес баланың әкесі. Жұбайы ауыл мектебінде мұғалім болып еңбек етеді. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп, қарт анасына қамқор болып отыр. Бал арасын баптауда әрдайым анасының ақыл-кеңесіне құлақ түріп жүреді.
Омарташы келешекте кәсібін кеңейтуге ниетті екенін айтты. Алайда қаржылық қиындық қолбайлау болып тұр. Мемлекет тарапынан бұл кәсіп түріне айтарлықтай қолдау жасалса, түгіскендік балмен елімізді жеткілікті деңгейде қамтамасыз етуге болатынын жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ,
Қызылорда облысы