Жезқазғанда ер адам бұрын бірге бизнес ашып, кәсіппен айналысқан танысын атып тастады. Атысқа мүлік дауы себеп болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Polisia.kz-тің дерегінше, 22 тамызда Жезқазған қаласының ПБ кезекші бөліміне екі қабатты үйдің пәтерінде кісі өлімі болғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы 54 жастағы ер адамның мәйітін тапты. Оның қала тұрғыны екенін анықтады.
Полицейлер жедел іздестіру нәтижесінде 60 жастағы қала тұрғынын ұстады.
Күдіктінің айтуынша, марқұм бұрын өзімен бірге кәсіппен айналысқан. Екеуі серіктес болған. Кейін өзара бизнесті жауып, дүние-мүлікті бөліскен. Екеуі мүлікті бөлісе алмай, бірнеше жыл дауласқан.
Күдікті гаражда аңшы мылтығын тазалап отырған кезде серіктесінің аулаға шыққанын көріп, оны атып тастаған.
Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.