Алматыда өмірге келгеніне алты-ақ күн болған сәбиді 2 миллион теңгеге сатпақ болған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.КТК телеарнасының мәліметінше, 24 жастағы келіншек пен онымен бірге тұратын 21 жастағы жігіт бұл қылмысты бала құрсақта жатқанда жоспарлаған. Алатын адамдар да табыла кеткен. 50-ді алқымдаған ерлі-зайыптылар өткен демалыста келуге келіскен. Сауданы полиция тоқтатты.
Алдымен шақалақтың биологиялық ата-анасын, одан соң сатып алмақ болған жұп пен арадағы делдалдардың қолына кісен салынды. Сондай-ақ ақшаға құжат дайындаймын деп келіскен 56 жастағы әйел де ұсталған.
Жалпы, осы қылмысқа қатысы бар деген 7 адам қазір тергеліп жатыр. Тергеушілер тіпті бұл топтың бала саудасымен жүйелі түрде айналысуы мүмкін деп күдіктенеді.
Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Қыдмыстық кодекстің 135-бабы 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұстау кезінде делдалдардың қолынан тағы кішкентай екі нәресте шықты. Шамамен 7 айлық және 3 айлық, екеуі де қыз бала. «Өзімдікі» деп сезіктінің бірі айтты. Бірақ мұны ресми түрде құжаттармен дәлелдеп бере алмады. Енді олардың осындай қанша қылмыс жасағанын анықтаймыз», – деді.