Ауыл жоғалып барады
Ауыл жоғалып барады
564
оқылды
Қазақстанда бос қалған ауылдар көбейіп жатыр. 2012 – 2019 жылдардың өзінде еліміздегі 500-ге жуық ауыл иесіз мекенге айналған. 2021 жылға қарай Сол­түс­тік Қазақстан облысындағы 664 елді мекеннің әр­бір алтыншысы жабылатыны белгілі болды. Осы­дан кейін қазақстандықтар ауылдық жерде өмір сүр­гісі келмейтіндей көрінеді. Неліктен? Мұның себе­бі урбанизация ма, әлде ауылдың ер­теңі бұлың­ғыр­ға айналып, жан бағу мүмкін болмай тұр ма?  

Болашақ қайда бет алды?

Республика аумағында қаңы­рап жатқан ауылдың көпшілігі – солтүстік өңірлерде. Ал оңтүс­тік пен батыс өңірде жағдай бас­қа­ша, халық санының тығыз­дығы ар­тып келеді. Сол­түс­тіктегі ахуал­ды Кеңес үкіметі заманында қо­ныстанған славян текті ха­лық­тардың атажұртына қоныс­тануы­мен түсіндірсек болады. 2000 жылдан бері СҚО-да 118 ауыл жабылған. Білім алатын оқу­­шының жоқтығынан қаңы­рап қалған ауылдардағы 290 мек­тептің есігіне құлып салыныпты. Шы­ғыс Қазақстандағы Қы­тай­мен шекаралас ауылдардың да халі мүшкіл. Осыдан кейін иесіз ме­кенде қалған бірлі-жарым ағайын­ның өзі қалаға үдере көш­ті. Бүгінде елімізде  6 454 ауылдың  3 477-ге жуығының ғана даму әлеуе­ті бар екен. Мұның өзі жан­ға жұбаныш. – Ауылдан көшіп кетіп жат­қан­дардың көбі – жастар, жо­ғары оқу орнына түсіп немесе шаңырақ құрып, баласын қалаға алып кететін жандар. Бұлайша ауыл­ды жайлы жер санамаудың бір­неше себебі бар. Біріншіден, адам­дар ауылдық мектептегі бі­лім сапасына сенбейді. Екін­ші­ден, жұмыссыздық белең алған. Үшіншіден, ауылдағы ағайын мал асырағысы келеді, бірақ жайы­лымның барлығын таныс-та­мыр арқылы бөлісу кө­бейген. Ал атажұртына көшіп жат­қан өзге ұлт өкілдерінің жөні бас­қа. Кезінде зауыттар салы­нып, айтарлықтай дамыған ауыл­дар Кеңес үкіметі құлаған соң эконо­микалық талаптарға сай болмай қалды. Бірақ трагедия жа­саудың қажеті жоқ, – дейді әлеу­меттану­шы Рамазан Сат­тарұлы. Жұмыссыздықтан бөлек, жас­тар ауылдың қолайсыздығына на­лып, болашағына сенімсіздік та­нытатын сыңайлы. Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-дың студенті Ділдә Жанаттан жастар көз­қара­сындағы ауылдың маңызын сұра­ған едік. – Өзім туып-өскен Шығыс Қа­зақстан облысы Қарауыл елді ме­кені келешек өмір сүру үшін қо­лайлы деп санаймын. Аздаған кем­шіліктің бары жасырын емес. Қа­ладағыдай төлем жүйесі рет­телмеген. Кейбір құрбыларым ту­ған ауылында интернеттің жоқ­тығын айтады. Ауылда жағ­дай толық жасалмаған соң қал­ғы­мыз келмейтіні рас. Бола­ша­ғымызды қаламен байланыс­тыра­мыз, – деді студент.  

Урбанизация халыққа әсер етті ме?

Урбанизация – дамудың бір бел­гісі, былайша айтсақ, қалаға қоныс аудару. Тәуелсіздік алғалы бері елі­мізге бұл үрдіс әсер етпей қой­мады. Дегенмен бізде қалаға қоныс аударудың жабайы түрі жүріп жатқан се­кіл­ді. Халықтың басым бөлігі қа­ланың өміріне дайындықпен емес, жан бағу үшін келді. Әлем хал­­­қының 60 па­йызға жуығы – қалалықтар. 2019 жылдың қо­ры­тындысы бо­йын­ша Қазақстан азаматтары­ның 58,1 пайызы қа­­­лада тұрады. Яғни, 10 жыл ішін­де қалаға көш­кендердің са­ны 4,9 пайызға арт­қан. Қа­зақ­стан­дағы урбаниза­ция дамудың көр­сеткіші ме, әлде құлдырау ма? Әрине, қалалық­тар­­дың көбеюі­нің жақсы жақ­тары бар. Айталық, адам капи­талының бір жерге топ­талуы – бәсекеге қабілетті ор­та жасайды. Соның арқасында ден­саулық пен білім сапасы да өсе­ді. Жаман жағы – бала тәр­бие­сі ақсап, та­би­ғи ортадан алыс­­таған адам­ның өмір салты мен пси­хологиясы өзгереді. Қаланы толтырып отырған – ауыл адамдары. Білім алуға кел­ген жастардың ауылға қайтуы екі­талай. Ал әлеуметтанушы Ра­мазан Саттарұлы бұл мәселені тұ­рақты жағдайға санайды екен. – Соңғы 150 жылда урба­ни­за­ция әлемдік процеске айналды. Қазақстанда да қалалықтардың са­ны артты. Қанша уақыт өтсе де, еліміздегі ауылдар түбегейлі жойыла қоймайды. Ауылдағы ағайындар ішінде ауылды ата­жұр­ты деп санап, өзге мекенге көш­пейтіндер бар. Былайша айт­сақ, қазақтағы қара шаңы­рақ­ты ұстап қалатын ғұрыпты бұз­байтындар. Қалаға жабыла кө­шу үрдісінің тоқтайтын кезеңі бо­лады. Барлық ауылда жағдай на­шар деп айта алмаймыз, – дей­ді.  

Елді мекендерді қалай сақтаймыз?

Солтүстіктегі ауылдарды сақ­тап қалу үшін Үкімет 2019 жылы «Еңбек» бағдарламасын әзірледі. Мақсаты – тығыз орналасқан оң­түстік өңірдегі тұрғындарды сол­түстік өңірге қоныстандыру. Бағ­дарлама нәтижесінде былтыр 7 мың адам солтүстіктегі тұрғын­дары аз ауылдарға көшірілді. Жаңа мекенге көшкендердің ба­сым бөлігі – Түркістан мен Ал­маты облысынан. Бірақ ата­жұртын аңсаған 29 мың өзге ұлт өкіл­і басқа елдерге қоныс ау­­­дарған. Заң бойын­ша ешкім адамды өзге жер­ге қоныс аудару­ға немесе кө­шуге тыйым салып мәжбүрлей ал­майды. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау ми­нистрлігі 2050 жылы солтүстік об­лыстарда адам саны 1 мил­лион­ға азайып, оң­түстік аймақ­тарда 5 миллионға кө­бейетінін айтып отыр.  

ТҮЙІН:

 
Кейбір болашағы жоқ деп танылған елді мекеннің тұр­ғын­дары өзінің малы, жері мен жағ­дайы бар болғандықтан, қа­лаға көшуге құлшыныс та­ныт­пай­ды. Сондықтан келешекте бо­­сап жат­қан ауылдарды ша­шы­ратпай сақтап қалу үшін тірек ауылдарды дамытқан жөн. Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі елді мекендерде кәсіп ашушыларға арнап қайта­рым­сыз несие беріп жа­тыр. Осы арқылы ауылдық жер­де жұмыс­сыздық мәселесі ше­шілер болса, ауылдағы көңілі алаң ағайынның болашаққа се­нім­мен қарайтыны аян.
Мадияр ТӨЛЕУ