Қостанай облысы Фёдоров ауданының тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасының игіліктері түсіндірілді. Өз кезегінде аудан халқы істен қашпай, ілкімді жобаға ашық екендіктерін жеткізді.
Мысалы, Придорожное және Успеновка ауылдарының тұрғындары кооперативтің үйлесімді жұмысының арқасында азаматтар өздері үшін дивидендтер ала алатындығын атап өтті.
Ал Придорожное елді мекенінің тұрғыны Юлия Паладуца ауылға шаштараз ашу керек екенін айтты. Осы бағдарлама арқылы несие алып, ауылда кәсіп бастауға деген ниеті барын жасырмады.
Федоров ауданына қарасты ауылдарда негізінен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Успеновка ауылында елге оралған қандастар мал басын көбейтіп, кәсіп ашқылары келеді.
«Мен осы ауылда 25 жылдан бері тұрамын. Жұрт етті арзанға алғысы келеді. Мал ұстайтын адамдар бірігіп, ет өткізсек, тиімді болар еді», – дейді ауыл тұрғыны Қуаныш Боқай.
Халықтың табысын арттыру жобасы 2023 жылғы қаңтарда басталады. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындарында мал шаруашылығын дамыту немесе ауылда шағын бизнес ашудың кіріс-шығыстарын есептей алады.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы ел Үкіметімен бірлесіп әзірлеген «Ауыл аманаты» жобасы халықтың табысын арттыруға бағытталған. Жоба аясында азаматтар ауыл аумағындағы кез келген қызметті дамыту үшін 2,5 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады.