«ҚазАвтоЖол» Қазақстандағы жол жөндеу жұмыстары неге ұзаққа созылатынының себебін зерттеген. Өнімділік әлеуеті жоғары болғанымен, компаниялар кестеден кешіге беріпті.
«Біріншісі – битум тапшылығы. Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету бойынша бірнеше рет құзыретті бейінді мемлекеттік органдармен кеңестер өткізілді, онда республикалық желі арқылы жол жобаларының қажеттіліктеріне битумды іріктеуге көмек көрсетуге басымдық берілді, алайда бүгінде жол компаниялары өтінімдерін растауда қиындықтар бар. Мәселен, осы нысандар бойынша биыл битумға деген қажеттілік 59 мың тонна болса, іс жүзінде құрылыс маусымының аяғына дейін 13 мың тонна ғана берілген», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол» мамандары.
Компанияның мәліметінше, тағы бір себеп – қиыршық тасты тасымалдайтын вагондардың жоқтығы екен. Батыс Қазақстан облысында тас карьерлері жоқ, сондықтан қиыршық тасты көршілес өңірлерден тасымалдау қажет. «Қазақстан темір жолы» мен «Қаз Темір Транс» АҚ өкілдерімен бірлескен талқылау және кездесу барысында теміржол арқылы жол-құрылыс материалдарын тасымалдауға арналған вагондар санын көбейту мәселелері талқыланған. Бірақ нәтиже болмапты.
Қосымша себеп ретінде дизель отынының тапшылығы мен қымбаттау мәселесі де айтылды. Ірі жол-құрылыс техникалары күніне шамамен 100-130 тонна дизель отынын қажет етеді.
«Жоғарыда айтылғандарға байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «ҚазАвтоЖол» АҚ осы жобаларды табысты іске асыру үшін барлық мүмкін шараларды қабылдап жатыр, алайда осы себептерге байланысты тапсырмаларды орындай алмай қалу қаупі бар», – деп мәлімдеген компания.