ERG: Хромтаудағы жыл жаңалығы
ERG: Хромтаудағы жыл жаңалығы
905
оқылды
Өткен аптада Ақтөбе облысында тек өңір ғана емес, Қазақстан үшін де ерекше маңызға ие шара өтті. Осы жаңалықтарымен бөлісу үшін еліміздегі ірі инвестор EURASIAN RESOURCES GROUP (ERG) компаниялар тобы БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур ұйымдастырды. Сапар барысында журналистер қауымы «Хромтау» жел электр станциясының (ЖЭС) құрылысы басталуына орай капсула салу рәсіміне куә болды. ERG Директорлары кеңесінің төрағасы Александр Машкевичтің өзі өткізген баспасөз мәслихатына қатысып, онымен екі сағат бойы емен-жарқын әңгімелесуге мүмкіндік алды. Хромтау қаласындағы «Кеншілер сарайында» шахтерлер күніне орай өткен мерекелік салтанатты шараға қатысты. Жел игілігігі де ел игілігі үшін Ақтөбе облысында құрылысы басталған «Хромтау» ЖЭС ERG компаниясының алғашқы жел электр станциясы болмақ. Заманауи нысан Топ кәсіпорындарының декорбонизация бағдарламасы аясында әрі ESG қағидаттарына сәйкес салынып жатыр. 155 мегаВатт жаңғыртымды қуат көзін өндіретін жел генераторларының паркі Хромтау қаласынан 20 шақырымдай жерде, кен орындарының маңында 150 гектар аумақта бой көтермек. «Жасыл энергия көзі» 2024 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. ЖЭС жобасы тың инжинирингтік әдістемелер мен технологиялық әзірлемелерге сүйене отырып дайындалған. Онда қолданылатын IEC S санатындағы қуатты турбиналар жергілікті ауа райына бейімделген. Мәселен, жел қарқыны секундына 3 метрге саябырласа да, әлде, 25 метрге дейін үдесе де қай екпінінен де энергия шығара алады екен. Сайып келгенде бұл батыс Қазақстанның шұғыл континенталды жағдайында қажетті көлемде қуат өндірілетініне толық кепіл бола алады. Айталық, ERG компаниясы «Хромтау» ЖЭС-інде өндірілетін электр қуатымен Ақтөбе облысындағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі – «Қазхром» ТҰК» АҚ-на қарасты «Дөң» тау-кен байыту комбинатын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ал карьерлер мен фабрика сынды 4 нысаннан тұратын бұл кәсіпорын бүгінде 45 мегаВатқа жуық электр энергиясын тұтынады. Келешекте өндіріс көлемі ұлғайып, жаңа жобалар жүзеге асырылатынын ескерсек, комбинаттың электр қуатына сұранысы 80 мегаВатқа дейін артуы мүмкін. Өз кезегінде бұл облыстың энергожүйесіне айтарлықтай жүктеме болар еді. Ал жаңадан салынғалы жатқан жел электр станциясы тек «Дөң» ТКБК-ның ғана емес, іргелес орналасқан Ақтөбе облысының өзге де өндірістік кәсіпорындарын қуатпен қамти алмақ. Осылайша, аймақта туындауы мүмкін қуат тапшылығы мәселесі толық шешіледі деуге негіз бар. кездесу Сонымен «Хромтау» жел электр станциясы салынатын орынға капсула салу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, ERG Директорлары кеңесінің төрағасы мен мүшелері Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Шухрат Ибрагимовтер қатысты. Болашақ ұрпаққа арнап жазылған хатқа қол қойған соң олар оны уақыт капсуласына салып, арнайы тастұғырға орналастырды. Одан соң сөз кезегін алған Александр Машкевич компаниядағы «жасыл энергия» саясаты туралы айтып берді. Жоба басталмас бұрын жетекші инжиниринг компаниялардың бірі ERG үшін бүкіл Қазақстан бойынша жел энергиясын қай жерде тиімдірек өндіруге болатыны туралы зерттеу жүргізген екен. Оның нәтижесінде ең бір оңтайлы жер Маңғыстау облысының аумағы Каспий теңізінің жағасы екендігі анықталған. Әйтсе де экономикалық үнемділігін есептей келгенде, онда өндірілген «жасыл» электр қуатын KEGOC желілері арқылы тасымалдау тым қымбатқа түсетін болыпты. Сондықтан да ЖЭС жобасын Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарына жақын жерден салу жолдары іздестірілген. Ал, дәл бір Хромтау маңынан «жел дәлізі» анықталғанда ERG-ліктердің қуанышында шек болмапты. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылы Қазақстан көміртегі бейтараптылығына қол жеткізуі керек деп меже қойып отыр. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. «Дөң» тау-кен байыту комбинатын жел электр қуатына көшіре отыра, ұтымды бастамаға нық қадам жасап отырғанымызға шын жүректен сенеміз. Кейін бұл сәтті кейсті ERG-дің өзге де кәсіпорындарында тыңғылықты қайталай аламыз деген үміт бар. Біздің ЖЭС салу тәжірибеміз Қазақстанның өзге де ірі кәсіпорындарына үлгі болса, онда жаһандық мисиия – декорбонизацияға барынша жақындамақпыз. «Жасыл» өнім өндіру міндетін біз бұлжытпай орындайтын боламыз. Өйткені, бұл болашақтың сын-талабы, одан басқа жол жоқ. 2026 жылдан бастап Еуроодақ «көміртегі салығын» енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекетіміздің де талабы осы – өндірістегі көміртегі ізін азайту. Біз де ферроқорытпалар мен алюминий өндірісін толықтай жасыл энергияға көшіруге мүдделіміз. Елімізде бізден басқа бір де бір компания «жасыл» энергетиканы дамытуға мұншалықты қаржы салып отырған жоқ. Президент белгілеген 2060 жыл ұзақ мерзім емес, сонықтан да Қазақстанның алдында орасан көп жұмыс тұр. Көмір және өзге де геренациядан бас тартуды біз тездетіп жүзеге асыруымыз керек» – деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. макет Расында да жел электр станциясынан алынатын «таза қуат» Қазақстанда көмірден энергия өндіру көлемін азайтуға сеп болмақ. Нақты осы жобаны жүзеге асыру нәтижесінде атмосфераға көмірқышқыл газын жіберу жылына 520 мың тоннаға дейін қысқармақ. Жалпы ERG компаниясы төл «Экологиялық стратегиясын» жүйелі жүзеге асыра отыра, СО2 қалдықтарын 2 млн тоннаға азайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жаңармалы қуат көздерін дамыту, энергетикалық тиімділік пен қуат үнемдеуді арттыру көзделген. 2030 жылға қарай ауаға таралатын қатты қалдықтар көлемі - 56%-ға, жерге төгілетін қалдықтар көлемі - 30%-ға, су тұтыну мөлшері - 33%-ға азаяды деп жоспарлануда. Ал оның бастамасы саналатын алғашқы ЖЭС жобасына ERG компаниясы шамамен 110 млрд теңге көлемінде инвестиция құйып жатыр. Құрылыс кезеңінде мұнда 300-ге тарта жұмыс орны ашылмақ. Ал жоба нақты іске қосылғаннан кейін 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Олардың бірқатары осы тарихи сәтке куә болып қатысып та отырды. Уақыт капсуласын тастұғырға салу рәсімінен кейін ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич Хромтау қаласына барып журналистер үшін арнайы баспасөз мәслихат ұйымдастырып, сұхбат берді. Емен-жарқын әңгіме Осы күні іргесі қаланған елімізде теңдесі жоқ жел электр станциясы Қазақстан үшін үлкен олжа болса, пресс-турға қатысқан 30 шақты БАҚ өкілдері үшін Хромтау қаласына сапары кезіндегі ең үлкен олжасы - ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевичпен емен-жарқын әңгіме болды. Екі сағатқа созылған баспасөз мәслихатында ол журналистерді қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Геосаяси жағдай, «Қаңтар оқиғасы», транскаспий дәлізі, компанияның экологиялық саясаты, өндіріс көлемі, жаңғыртымды «жасыл» энергия жөніндегі жоспары, әлеуметтік жауапкершілік тұрғыда атқарған орасан зор жұмыстары – барлық тақырып та сөз болды. Соның ішінде, ақпарат құралдарын бірінші кезекте қызықтырғаны – геосаяси ахуал еді. Серкелер теке-тіресінің кесірінен Қазақстанның да зардап шегіп жатқаны рас. «Кемедегінің жаны бір» демекші, елімізбен қатар ERG да осы «санкциялар соғысынан» сыбағасыз қалмағаны белгілі. «Ресейдің Украинаға басып кіруі біздің Компаниялар тобының да жұмысында өте үлкен кедергілер келтірді. Алты айдан бері жалғасып келе жатқан текетірес бірінші кезекте өнімді өткізу мен логистикаға қатты зиянын тигізді. Соңғы 30 жыл бойы біз Магнитогорск металлургия зауытына жыл сайын 9-12 миллион тонна темір кенінің концентраты мен шекемтас жеткізіп келген болсақ, енді әуелі «Магнитканың» иесі Рашников мырза персоналды санкцияға ұшырағандықтан, кейіннен кәсіпорынның өзі халықаралық қауымдастықтың санкциялық тізіміне енгізілгендіктен, тасымалды тоқтатып тастадық. Соның кесірінен орасан зор шығынға ұшырап отырмыз. Балама жолдар іздеп, әзірге тек бар болғаны 5 млн тонна кенді Қытайға қарай бағыттай алдық. Артық жіберу логистикалық шектеулерге байланысты мүмкін болмай отыр. Одан бөлек 2,5-3 млн тоннасын «АрселорМиталлға» тапсырып отырмыз. Болды! Бұл біз үшін үлкен проблема боп отыр. бастама Шетелдік кемелер Ресейдің порттарына кірмей қойды. Ал жүктерді сақтандыру мүмкін емес. Балтық порттары да жабылып қалды. Ал біздер қондырғы-жабдықтарымызға қосалқы бөлшектердің 50%-дан астамын осы айлақтар арқылы алдыратынбыз. Онда да олар Украинаның машинақұрастыру зауыттарынан келетін. Сондықтан да бүкіл логистикалық тізбекті ауыстыруға тура келді. Бұл өте қымбатқа түсті. Қытай бағыты бұл ретте тығырықтан шығара алып тұрған жоқ. Өйткені, өткелді тұстарда мүмкіндіктері аз», – дейді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич. Бір жақсысы ERG-дің өнімдерін ірі тұтынушылардың бірі - ресейлік «Русал» компаниясы санкциядан аман қалған екен. Сондықтан да оларға өнім өткізуде қиындықтар туындамаған. Биыл онда 800 мың тонна бастапқы алюминий тотығын жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ресейлік кредиторларына қарызын қайтаруға қатысты үзілістің пайда болғаны да, компанияның тынысы тарылмауына сеп болып отыр. Олар – санкцияға дейін негізгі кредиторлар саналған Сбербанк және ВТБ банктері. Александр Машкевичтің айтуынша, қазір осы мәселені бірге талқылап жатқан америкалық және еуропалық қаржы регуляторлары ресейлік банктерге ақшасын қандай жолмен қайтарып беруге болатынын нақты айтып, рұқсат бермейінше, компания қарызын қайтармақ емес екен. Өйткені, шиеленісті жағдайда сақтық керек, олар санкция талаптарын қатаң сақтамақ. Қазір ERG Қытайдың, АҚШ-тың, Бразилияның және Қазақстанның банктерімен жұмыс істеп жатыр. сұрақ Журналистерді қызықтырған келесі сұрақ – спикердің «Қаңтар оқиғасы» туралы ойы болды. «Бұл жағдайда біз ең үлкен инвестицияны адамдарға салғанымызды түсіндік. Әрі мұның барлығын да дұрыс жасағандығымызды білгенде қатты қуандық. Өйткені, олар сын сағаттарда өздерін өте ізгі ниетте, үлкен патриоттықпен және асқан жауапкершілікпен ұстады. Адамдарға инвестиция салу, әлеуметтік нысандар тұрғызу, қалаларды дамыту, бұл – біздің әуелден кредомыз. Жүздеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Мұны жалғастыра береміз де. Себебі, жұмысына үлкен құлшыныспен бара жатқан адам ғана нәтижелі жұмыс атқара алмақ. Тіпті, пандемияның кезінде мен бригадирлармен, 200-300 адаммен онлайн-кездесулер өткізіп тұрдым. Сіздер сенерсіздер, сенбессіздер мен өндіріс орындарындағы санитарлық-тұрмыстық жағдаймен танысу үшін өзім аяқтай барам. Өйткені, шахтадан шыққан жұмысшымыз жайлылық жоқ жерде киім ауыстырып жатса, немесе ол орында тиісті жағдай болмай, адамдар ауыр еңбек күнінен кейін наразылығын білдіріп жатса, мен қатты ыңғайсызданамын. Бұлай болмайды ғой! Жер бетінде шахтёрлер мен металлургтерден асқан ауыр жұмыс жоқ емес пе? Біздің компанияларда істейтін он мыңдаған адамды мен өзім тікелей хабарласып, мерекелерімен құттықтағанмын. Адамдар өздерінің керек екенін сезінуі керек. Оларды өтірік жасандылықпен алдай алмайсың. Осыдан да болар, бұл оқиғадан біздің адамдар қатты шошынып қалды. Сондықтан да Қазақстан Президентіне нақты қадамдарға барып, батыл шешім қабылдағаны үшін және жауапкершілікті өз мойынына алғаны үшін алғысымды білдіремін. Ол тұрақтылықты тез қалпына келтіре алды», – дейді Александр Машкевич. Қаңтар оқиғасын сөз ете отырып, спикер кейбір қаржылық-өнеркәсіптік топтардың бірқатар активтерін мемлекетке қайтарып беріп жатқаны немесе ауыл шаруашылық алқаптары мен жер телімдерін тартып алып жатқаны туралы сұраққа да жауап беруге тура келді. ERG-дің бұл тұрғыда ешқандай да қиындықтарға тап болмағанын сөз еткен ол, керісінше, мемлекеттің экономикадағы қатысын азайтып, активтерін бәсекелес ортаға шығаруы қажеттігін айтты. Өйткені, әлемдік тәжірибеде жекеменшіктің табыс табуға ұмтылысы көбірек болатыны әлдеқашан дәлелденген. Оған АҚШ мемлекеті үлгі. Ал «Қаңтар оқиғасынан» соң мемлекеттің қырына ілінбегеніне «құдайға шүкір, біз таза жұмыс істейміз, сондықтан да бізге әзірге кінә артылып жатқан жоқ» деген Машкевич «Қазақстан халқына» қорына ERG компаниясының 30 млрд теңге аударғанын атап өтті. Ал жалпы ел Тәуелсіздігінің тарихында Топ қайырымдылық жобаларын қаржыландыруға 1 млрд долларға жуық қаражат жұмсаған екен. Александр Машкевич «Одан бөлек компанияның төл Экологиялық стратегиясы бар. ERG кәсіпорындары Қазақстанда ең алғашқы болып өз қызметіне кешенді экологиялық рұқсатнамалар алған жалғыз өндіріс орындары. Бұл мақсатта компания Қолжетімді ең озық технологияларды (НДТ) енгізу бағдарламасын жасап шығарды. Бүгінгі таңда кәсіпорындарымыз ауаға қалдық тастау бойынша Қазақстанның да, Ресейдің де нормативтік талаптарына сәйкес келеді. Аталған бағдарламаға 2030 жылға дейін 900 млрд теңгеге жуық инвестиция қарастырылып отыр. Мұның ішінде энергия тиімділігі бойынша өндірістік жобаларды жүзеге асыру, жаңармалы энергия көздерінің құрылысын салу және тағы да басқалары бар. Осы уақытқа дейін Экостратегия аясында жүзеге асқан негізгі жобалар: 2020 жылы «ЕЭК» бойынша Ақсу электростанциясында №5 блоктағы электрофильтрі Францияда жасалған түріне ауыстырылды. Былтыр «Қазхром» бойынша Ақсу ферроқорытпа зауытында 44 пештің сүзгісінің Чехия жасап шығарылған түріне ауыстырылды. «Қазақстан алюминийі» бойынша №1 күйдіру цехының №1-2 пештерінің электрофильтрі Германиялық гибридті түріне алмастырылды. Биыл «Қазақстан алюминийі» бойынша ТЭЦ-1-де №8 электрофильтрі даниялық COROMAX технологиясы бойынша тәжірибелік-өндірістік сынақтан өткізілді. Одан бөлек, осы аталған өндіріс орындарында былтыр автоматтандырылған мониторинг жүйесі іске қосылды. Енді ақпараттардың барлығы ПАЗ режимінде онлайн түрде Павлодар қаласындағы 5 LED экранда көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ, былтыр «Қазхромға» қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытында аспирациялық қондырғыларға реконструкция жүргізіліп, Ресейде жасалынған түрі орнатылды. Сондай-ақ, шаң бас жұмыстары жүргізіліп, шлактөккіштің шаңытатын төбесі бекітілді. Одан бөлек осындай фильтр алмастыру, қазандық агрегаттарын реконструкцтялау, жылу орталықтарын көмірден газға ауыстыру, күл аулағыш қондырғыларды жеңдік сүзгіге алмастыру жұмыстары жүзеге асып жатыр», – деді спикер. жиын Еліміздегі ірі алпауыт компанияның жетістіктерін одан да әрі тізбелей беруге болады. Бірақ, бір нәрсе анық – өндірісті жасайтын компания ғана емес, оның адамдары. Сондықтан да Хромтау қаласындағы пресс-турдың жалғасы «Кеншілер сарайында» өткен «Шахтерлер күніне» арналған салтанатты шараға ұласты. Онда «Дөң» тау-кен байыту комбинаты бойынша өз саласының үздіктері, кәсібіне адал боп, табан аудармай ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлері мен жұмысшылары марапатталды. Бас-аяғы 44 адам марапатталып, оларға 50 мың мен 500 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша, хромды өлкеден өңір тынысының жаңа екпінін көріп, еліміздегі жыл жаңалығын көңілге тоқып, үлкен ризашылықпен оралдық.