2023 жылдың 1 қаңтарынан зейнетақының ең төменгі мөлшерi көбеюі мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Ашық» НҚА сайтында Қаржы министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасында зейнетақының ең төменгі мөлшерiн 48 032 теңгеден 53 076 теңгеге дейін көбейту мәселесін талқылап жатыр.
«2023 жылы 1 қаңтардан бастап жалақының ең төмен мөлшерi – 60 000 теңге , мемлекеттік базалық зейнетақының ең төмен мөлшері – 21 907 теңге, ал зейнетақының ең төмен мөлшерi – 53 076 теңге болып бекітілсін. Жасқа байланысты және еңбек еткен жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 10,5 пайызға көтеріле отырып белгіленсін», – деп жазылған ресми құжатта.
Келер жылы АЕК мөлшері өседі. Биыл ол – 3 180 теңге, 2023 жылы 3 450 теңге болмақ. Бюджет жоспарына сәйкес, ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 567 теңге болмақ.