Алматылық полицейлер анасы дәретханада босанып, тастап кеткен жаңа туған нәрестені құтқарып қалды.
Алматы қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, түнде Түрксіб ауданында жаңа туған нәрестені құтқаруға арналған арнайы іс-шара операциясы жүргізілген. Түрксіб аудандық Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Нұржан Шатуновтың мәлімдеуінше, сағат екіде кәмелетке толмаған қыздың түсік тастағаны туралы ақпарат келіп түскен. Артынша оның қалалық ауруханаға жатқызылғаны анықталған.
«Дәрігерлермен сөйлескеннен кейін оқиға орнына барып, тексеруді жөн көрдім. Басыма «бала қайда?» деген сұрақ келді. Қыздың анасынан оқиғаға дейін оның сырттағы дәретханада біраз уақыт болғанын білдім. Дәретхана ішінен қан іздерін тауып, ішінде жатқан баланы көрдім. Ол демалып жатты. Осы кезде жедел тергеу тобы келді, оның құрамында криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Ғазиз Хамасқалиев болды. Дәретхананың еденінен тақтайларды тез алып тастадық. Әріптесім Ғазиз төменге түсіп, баланы қызметтік көйлегіне орап, абайлап шығарып алды», – деді Нұржан Шатунов.
Қыздың анасы оның жүктілігін білмегенін айтқан. Қазір аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінде тергеу амалдары басталды.
«Қазір баланың жағдайын біліп қайттық. Ол дәрігерлердің бақылауында, жансақтау бөлімінде жатыр. Өз бетінше демалып жатыр, бұл жаңалыққа баланы құтқаруға қатысқан барлық әріптестерім қатты қуанды. Демек, бала өмір сүреді. Ол туғаннан өз өмірі үшін күресті. Оған зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Бақытты болып өсе берсін. Мен үш ұлдың әкесімін. Сондықтан бұл оқиға мені бейжай қалдырмады. Біз өз әріптестерімізбен бірге құтқарылған нәрестенің тағдырын міндетті түрде қадағалаймыз және мүмкіндігінше оған қатысымыз да болады», – деді Нұржан Шатунов.