Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің шақыруымен ресми іссапарда болды.
Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясында Мемлекет басшысын ресми қарсы алу шарасы өтті. Салтанатты рәсімнен соң екі ел президенттері келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін
Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Жеке келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарына қосқан зор үлесі үшін Ильхам Әлиевті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл марапат Ильхам Әлиевке екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.
Сапар кезінде Әзербайжанның Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы салынатыны айтылды. Мемлекет басшысы қазақ халқының атынан жасалған бұл сыйлық елдеріміздің достығының, бауырластығының және өзара қолдаудың тағы бір нышаны болатынын атап өтті. Өз кезегінде Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысын айтып, Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орталық болады деп сенетінін жеткізді.
Қазақстан Президентінің Әзербайжанға ресми сапарының бағдарламасы мемлекеттер басшыларының кеңейтілген құраммен өткен келіссөзімен жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігінің негізгі мәселелерін талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығару үшін арнайы миссиямен келгенін айтты. Қазақстан Президенті екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
– Кейінгі жылдары тауар айналымының айтарлықтай, үш есеге жуық өскеніне қуаныштымын. Бірақ бұл, әрине, жайбарақат жүруге негіз емес екенін атап өткім келеді. Сауданы арттыруға мүмкіндіктер бар деп есептеймін. Біздің Үкіметтеріміз жақын арада елдеріміз арасындағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін ұлғайту үшін жұмыс істеуі керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың қолайлы перспективаларына назар аударды.
Әзербайжан басшысы екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды күн тәртібі мен халықаралық мәселелер бойынша жан-жақты әңгіме болғанын атап өтті.
– Әрине, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту жөнінде үлкен жоспарымыз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да осы инфрақұрылымды құру бойынша уақытылы шаралар қабылданды. Қазір елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемін және көлік транзитін арттыру жөнінде бастама көтеріліп жатыр. Тиісті органдар бұл бағытта өзара белсенді жұмыс атқарып отыр. Сауда-экономикалық қатынасты дамытуға да тың серпін беретінімізге сенімдімін. Тауар айналымын арттырудағы резервіміз айтарлықтай көп. Бүгін біз келешектегі сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың бірқатар бағыты бойынша пікір алмастық. Өзара тауар жеткізу көлемін арттыру жоспарын нақтылай аламыз. Сондай-ақ инвестиция саласында зор мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда да, Әзербайжанда да қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Шетелдік инвестицияның көлемі үлкен. Осы бағыттағы күш-жігерімізді біріктіріп, Қазақстан мен Әзербайжандағы, сонымен қатар өзге де елдердегі бірлескен инвестициялық жобаларға қатысатын уақыт келді деп ойлаймын, – деді Ильхам Әлиев.
Сонымен қатар Әзербайжан Президенті жақында Сумгаит қаласының орталық көшелерінің біріне қазақ халқының көрнекті азаматы, ағартушы, түркітанушы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілгенін еске салды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасы және Әзербайжан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларация және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған ынтымақтастықты дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға қол қойды.
Сондай-ақ Мемлекеттер басшылары БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Әзербайжанға ресми сапары кезінде осы елдің жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев пен оның зайыбы Зарифа Әлиеваның бейітіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Қазақстан Президенті бұдан кейін Әзербайжанның азаттығы мен территория тұтастығы үшін қаза тапқан жауынгерлер жерленген Шаһиттер аллеясындағы мәңгілік алауға да гүл шоғын қойды.