«Ембімұнайгаз: ғасырлық дәстүр – тұрақты даму»
«Ембімұнайгаз: ғасырлық дәстүр – тұрақты даму»
650
оқылды
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоға­мына 100 жыл толуына орай «Мұнай­газ кешені ардагерлері» республика­лық қоғамдық бірлестігі «Ғасырлық дәстүр – тұрақты даму» атты семинар өткізді. Шара «Ембімұнайгаз» АҚ туралы кітап көрмесінен басталды. Шараға мұнай-газ саласының ардагерлері, қоғамдық бірлестіктің серіктестері – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен журналистер қатысты. Семинарды «Мұнайгаз кешені ардагерлері» РҚБ бас директоры Анатолы Тегісбаев жүргізді.
«Ел аумағынан мұнай шығып, оның өндіріле бастағанына 120 жылдан асып кетті. «Ембімұнайгаз» – мұнай-газ саласының қара шаңырағы, мұнда алғаш мұнайшылар мектебі қалыптасты. Бүгінде бұл мекеме 100 жылдық мерекесін тойлап жатыр. Мерейтой аясында бір айдан бері түрлі спорттық, әлеу­меттік, мәдени, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Ардагерлерін құттықтап, марапаттап жатыр. Осы орайда біздің қоғамдық бірлестік «Ғасырлық дәстүр – тұрақты даму» семинарын өткізіп, ардагер мұнайшылар мен жастардың басын қосты», – деді Анатолы Тегісбаев.
Осыдан үш жыл бұрын мұнай саласының ардагерлері қоғамдық бірлестік құрған – «Мұнайгаз кешені ардагерлері» РҚБ. Құрамында 430-дан астам ардагер бар, оның жиырмаға жуығы – ғылым докторлары, 30-дан астамы үлкен мұнай-газ компанияларын басқарған басшылар және тағы басқа. Бүгінде мұнайлы өңірлерде 9 фи-­л­иалы жұмыс істейді.
«Қоғамның негізгі мақсаты – республикадағы мұнай-газ саласын дамытуға ардагерлердің, білікті, тәжірибелі мұнайшылардың үлесін қосу. Қоғам құрылғаннан бергі үш жыл ішінде көп жұмыс істелді. Энергетика министрлігінде орталық мұнай-газ саласын барлау және өндіру комиссиясы бар. Бұл бөлім жер қойнауын пайдалану­шылардың құжаттарын қарап, бекітіп отырады. Осы комиссияның құрамында біздің бірлестіктің мүшесі көп. Одан бөлек, осы ведомствомен, «ҚазМұнайГаз» және жаңадан құрылған QazaqGaz ұлттық компанияларымен ортақ меморандумдар бекітілді», – деді Анатолы Тегісбаев.
Қазақ жеріндегі геологиялық барлау жұмысы алғаш рет 1892 жылы Ескене кен алаңынан басталған. 1893 жылы барлау жұ­мысы Доссор, Қаратон, Мақат, Қарашүңгіл жерінде жалғасты. 1899 жылы Жылыой ауданындағы Қарашүңгіл құрылымының №7 ұңғымасынан алғашқы мұнай табылды. Осы күннен бастап қазақ мұнайының алтын тарихы басталды. Ембі мұнайы әлемде 1911 жылы Доссор мұнайының игерілуімен байланыстырылады. Доссор кен орнының ашылуы Ембі өндірісін өзге елдерге танымал етті. Сол кездегі ғалымдар Доссор мұ­найының құрамын Баку жерінде өндірілген «қара алтынның» сапасынан жоғары деп бағалады. Осыдан кейін Ембі мұнайына өзге елдердің қызығушылығы артты. семинар «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанатбек Махмұтұлының айтуынша, 1915 жыл Ембі тарихы үшін маңызды кезеңнің бірі саналады. Осы жылда Доссордан кейінгі екінші ірі мұнай кеніші – Мақат кен алаңы іске қосылды. Бұл жыл қазақ жеріне атақты «Нобель» ком­паниясы аяқ басып, мұнай өндірісімен айналыса бастаған кезең болуымен де ерекшеленеді. Ембі өндірісі қалыптаса бастаған алғашқы кезеңдерде жергілікті жұрт тек қара жұмысқа тартылды. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарында ғана мұнай өндірісіне ұлттық кадрларды тарту туралы арнайы бағдарламалар қолға алына бастады. 1928-1929 жылдарда Ембі өндірісіне тартылған мамандардың 30 пайызы ұлттық кадрларды құраса, 40-жылдарға тарта бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін көтерілді. Олардың қатары ғана емес, сапалық деңгейі де артқаны тарихтан белгілі.
«Ембілік мұнайшылар – қазақтан шық­қан алғашқы жұмысшы табы. Қазақ жерінде мұнай өндірісінің қалыптасуымен бірге ұлттық мамандардың өндіріс саласын меңгере бастағаны дәл осы Ембі өңірінен бастау алды. Сол кездерде ел экономикасын­да мұнай-газ саласына ерекше мән беріліп, барлық күштің сала жұмысына жұмылдырылуы үлкен серпін болды. Ұлттық кадрлар, басшы мамандар қалыптасты. Ембілік мұнайшылар еліміздің батыс өңірлеріндегі Теңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прорва сияқты ірі кен алаңдарын ашуға, игеруге қатысты. Бүгінде 5 мыңға тарта адам еңбек етіп жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ – заман талабы­на сай қызмет етіп отырған өркениет кө­шін­­дегі компания. Компания әркез адами құн­ды­лыққа басымдық береді. Еңбек адамының өмірі мен денсаулығын жоғары қой­ған отандық кәсіпорын, мұнайшылардың қауіпсіз ортада алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасайды. Сонымен қатар ғасырдан астам жер қойнауын игеріп келе жатқан байырғы Ембі өндірісін заман талабына сай жаңа технологиямен, әдістермен қамту да кезек күттірмес маңызды шаралар қатарынан», – деп атап өтті Қанатбек Махмұтұлы.
Ембі өндірісінде шығынды оңтайландыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Уаз кен алаңында пилоттық негізде «Интеллектуалды кен алаңы» концепциясы және «Материалдық-техникалық қамту барысын оңтайландыру» жобасы іске қосылған. 2016 жылдан бастап қолға алынған «Интеллектуалды кен алаңы» жобасы бүгінде «Сандық Қазақстан» республикалық бағдарламасына еніп, Ембі өндірісіндегі он шақты кен алаңына тарап отыр. «Ембі­мұнайгаз» АҚ-ның барлық өндірістік бас­қар­масында «Интеллектуалдық кен алаңы» жобасы аясында жедел әрекет ету орталықтары іске қосылды. Жер байлығын игеріп келе жатқан барша қазақстандық компаниялардың алдында тұрған басты мәселе – қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды мейлінше азайту. Бұл орайда мұнай компаниялары үшін экологияға зардап әкелмеу жайы өзекті саналады. Бүгінде «Ембімұнайгаз» АҚ амбарсыз әдіс­пен мұнай өндіруге қол жеткізген. Тарихи ластанған жерлерді кезең-кезеңімен тазартуда. Қоршаған ортаға зиянды қалдықтарды тастамау мақсатында қолға алынған ілеспе газды кәдеге жарату қондырғылары «Жайықмұнайгаз» бен «Доссормұнайгаз» басқармаларында іске қосылып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген. Ең бастысы, жергілікті халықтың көгілдір отынға деген сұранысы нарықтағы көрсеткіштен арзан бағамен өтелуде. Жиын соңында «Мұнайгаз кешені ардагерлері» РҚБ төрағасы, Еңбек ері, академик Ұзақбай Қарабалин «Ембімұнайгаз» АҚ мен осы бір ғасырлық тарихында мұ­най-газ саласына еңбек сіңірген мұнайшыларды мерейтойымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.

А.НҰРМҰХАН