Бүгін Елорданың іргесіндегі Целиноград ауданына қарасты Қызылсуат ауылында ақ түйенің қарны жарылды. Халықтың арда ұлы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы іргелі мешіт бой көтеріп, есігін айқара ашты. Ауылдағы барша мұсылман қауымы үшін ерекше тарихи күнге балаған мешіттің ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басқарма төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған құрметті қонақтар да бой көрсетіп, ақжарма тілектерін білдірді.
Қазақ тарихында есімі алтын әріптермен жазылған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атын иеленген мешіттің жалпы аумағы 0,4 гектар. Бір уақытта 300 адам Аллаға құлшылық етіп намаз оқи алады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елдің көркіне көрік берген мешіт үйінің ауылдың рухани өміріне де жаңаша сипат беретініне сенім білдірді.
«Бүгін – осы ауыл тұрғындарының рухани өмірінде тарихи күн. Бүгін – кешегі ұлт мақтаныштарының: «Мешіт салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын», – деген ұлы арман-тілегінің орындалған күні. Осы құлшылық үйі жамағатқа есігін айқара ашқалы тұр. Бұл мешіт құлшылықтың ғана ордасы болып қалмай, рухани һәм мәдени-ағарту, қоғамдық келісім мен бірлік пен берекенің ошағына айналады деген сенімдемін. Жаңа мешіт, сонымен қатар салт-дәстүріміздің, тағылымға толы тарихымыздың насихатшысы, діни һәм ғылыми жаңалықтардың әрі қайырымдылықтың орталығы болады. Осы құлшылық ордасының құрылысын қолға алған дініміздің жанашыр азаматтарына, Алла үйінің бой көтеруіне тілеулестік білдірген жамағатқа Алла разы болсын дегім келеді», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Мешіттің ашылу салтанатына Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі Абай ақсақал да қатысты. Жүзіне қуаныш ұялаған ақсақал осы істің басы-қасында болған ел азаматтарына алғысын жаудырды.
«Менің әкем Төлебай 14 жасына дейін атамыздың бауырында, тәрбиесін бойына сіңіріп өскен екен. Ұлы бабам әрі тұтас Қазақ елі үшін айтулы тұлға болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының атына үлкен еңселі мешіт үйінің ашылып жатқанына қатты қуанып отырмын. Бұл елімізде салынып отырған үшінші мешіт. Алғашқы мешітті сонау 2001 жылы Павлодарда сол кезде облыс әкімі болған Ғалымжан Жақияновтың өзі бас болып ашқан. Екінші мешіт 2008 жылы Баянауыл ауылында бабамыз дүниеге келген Жаңажол ауылында кәсіпкер азамат – Иран Омарбеков салып берді. Бүгінгі ашылып отырған мешітке Екібастұз азаматы, қазір Астанада кәсіпкер болып отырған Батыржан Елгезиннің демеушілігмен бой көтерді. Жүрегі елім деп соққан Мәшһүр Жүсіп атамыздың әруағы шат болсын! Алланың үйі әрбір мұсылман баласына рухани азық болатын бірлік пен берекеге бастайтын мекенге айналса екен. Мешітті ашуға үлес қосқан барша азаматқа шын жүректен зор алғысымды білдіремін», – деді Абай ақсақал.
Салтанатты шарадан кейін мешітке жиналған қауыммен бірге Бас мүфти мешіт жамағатына уағыз айтып, жұма намазын өткізді. Намаздан кейін тағы құран оқылып, дұға жасалып, ас берілді.