Нұрлыбек Нәлібаев 2 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжоловқа пәтер кілтін табыстады
Нұрлыбек Нәлібаев 2 жасар сәбиді құтқарған Арман Аманжоловқа пәтер кілтін табыстады
2,944
оқылды
Елімізде ерлігімен көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген азаматтар аз емес. Жақында ғана бұл тізімге қызылордалық тағы бір жас қосылды. Өткен аптада қала орталығындағы «Универсам» шағын ауданында оқыс оқиға орын алып, екі жарым жастағы сәби ашық тұрған кәріз құдығына түсіп кеткен. Аралдан арман қуып, оқуға келген 15 жастағы Арман Аманжолов оқиға сәтінде көзсіз ерлікке барып, баланы құдықтан алып шықты. Бозбаланың батырлығына тек жерлестері ғана емес, тұтас ел болып қуанып, ерлігіне тәнті болды. Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев педагогтардың тамыз кеңесінде мұқалмас ерік-жігерімен, табанды тәуекелге барған аралдық Арманға демеушілер көмегімен пәтер кілтін табыс етті. Арман Аманжолов
- Мемлекет басшысы тарапынан азаматтарымыздың мұндай ерекше батыл қимылдарын елеусіз қалдырмай, өзгелерге үлгі ету туралы ұстанымы аясында бүгін Арман батырға, оның ата-анасына барша Сыр елінің атынан зор ризашылығымызды білдіремін. Бүгінде аймағымызда жомарт жүректі жанашыр азаматтар жетерлік. Сол демеушілердің атынан бүгінгі бейбіт күннің батыры болған бозбалаға баспана кілтін табыс етеміз. Қарапайым ғана ауыл баласының бұл ерлігі өзі сияқты қатар жүрген балаларға үлгі болсын, елдің ішінде осындай азаматтар көп болсын, – деді Н.Нәлібаев.
Арман Аманжолов Арал ауданы, Бөген ауылында 2007 жылы дүниеге келген. 5 ағайынды, 2 тәтесі, 2 ағасы бар. Әкесі Жаңалық жұмыссыз, анасы Майра мектеп асханасында жұмыс істейді. Айта кетейік, өңірде «Балалар жылы» қалада 1 млрд теңгеге 50-ге тарта спорт алаңы, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам спорт-ойын алаңы салынады. Бұл жұмыстар демеушілер есебінен іске асырылуда.