Көлеңкелі бизнеспен күрес
Көлеңкелі бизнеспен күрес
© коллаж: Елдар Қаба
772
оқылды
Қазір әлемнің бірқатар елі саламатты өмір салтын наси­хаттау үшін арнайы мемлекет­тік бағдарлама қабылдаған. Тіпті, кейбір елдер алкогольді ішімдік ішуге, сатуға қатаң тыйым салған. Қазақстанда да алкогольге қарсы күрес жұмыстары кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айталық, мемлекетімізде ішімдік сататын дүкендердің мектепке жақын орналаспауы, алко­гольді ішімдік сататын күндер мен сағаттарды шектеу, 21 жасқа толмаған азаматтарға алкоголь сатпау сынды заң­мен бекітілген арнайы ереже­лер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адам қайтыс болады екен. Олардың 75 пайызы – ер адамдар. Маскүнемдіктен болған өлімнің төрттен бір бөлігі жазатайым оқиғалардан, жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсауға байланысты жарақаттан, ал төрттен бірі – асқазан-ішек жолдарының аурулары, 19 пайызы – жүрек аурулары, қалғаны – жұқпалы аурулар, обыр және психикалық ауытқулардан туындайды деп мамандар дабыл қағып отыр. Еліміздегі сайттар алкоголь тұтыну деңгейі бойынша Қазақстан әлемде алғашқы ондықта екені жайлы хабар таратып жүр. Ақпарат көзі ретінде Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният аталған. Ол ДДСҰ-ның зерттеуіне сілтеме жасай отырып, жылына орта есеппен қазақстандық ер адам 25 литр алкоголь, ал әйел адам шамамен 9 литр ішімдік тұтынатынын мәлімдеді. Бірақ бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі әлемдегі ішімдік ішу деңгейі және оның салдарынан болатын өлім-жітім туралы барлық ақпарат пен рейтингтер ДДСҰ-ның 2018 жылғы баяндамасында қамтылған. Аталған зерттеу бойынша, Қазақстан туралы деректер 271-бетте жинақталған. ДДСҰ-ның 2018 жылғы зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтар тұтынатын алкоголь өнімдерінің мөлшері жылына 7,7 литр таза спиртті құрады. Мұндай көрсеткішпен Қазақстан әлемдік рейтингте 76-шы орында тұр. «Ащы судан» бас тартқан ауылдар көп Елімізде болашақты арақсыз көруге тырысқан ауылдар саны да артып келеді. Бірнеше елді мекендегі дүкендерде ішімдік мүлдем сатылмайды. Мысалы, Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1 187 адам тұрады. Қазір бұл ауылдың дүкендерінен ішімдік таппайсыз. Себебі ауыл ақсақалдары белсенді жұмыс жүргізген. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансайды да арақтан тазартқан ауыл ақсақалдары екен. Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елді мекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарқанына арақ-шарап жуытпапты. Сандықтау ауданына қарасты Красная поляна ауылында да арақ сатылмайды. Осыдан 10 жыл бұрын араққа тойып алған ауыл жастары бір қарияны сабап кетіпті. Сол кезде ауыл ақсақалдары жерлестерін жинап, бұдан былай арақ-шарапқа жуымау жайлы үндеу тастаған. Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде ішімдік атаулы жоқ. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан апа Бақтыбайқызы екен. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп, мешіт ашылғаннан кейін жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты. Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі – Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған – ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры. Қорды ауыл ақсақалдары және осы ауылдан шыққан қазір түрлі қызметте жүрген ауыл белсенділері мен тұрғындары құрған. Райымбек ауданының Қақпақ ауылы да араққа «жоқ» деген. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айтқан сөздеріне құлақ салып келеді. Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді. Заңсыз ішімдіктер тәркіленеді Жыл басынан бері құқық қорғау органдарының қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау мақсатында дүкендер мен сауда нүктелеріне тексеру жүргізіп келе жатыр. Соның нәтижесінде, өңірлердегі заңсыз ішімдіктер тәркіленіп, көлеңкелі бизнеспен күрес қарқынды жүргізілуде. Мәселен, Павлодар облысы Май ауданы Ақшиман ауылының тұрғыны лицензиясының жоқтығына қарамастан, үйінде алкоголь мен темекі өнімдерін сатқан. Тексеру барысында «Парламент» маркалы 77 қорап темекі және 1200-ден астам спирттік өнімдер алынды. Оның ішінде 334 шөлмек, 200 литр пластмасса ыдысқа құйылған арақ және коньяк өнімдері мен 500 бөтелке сыра тәркіленді.
– Заңнама талаптарын бұзғаны үшін 44 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК 200, 282 және 463-баптары бойынша әкімшілік өндіріс қозғалды. Сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Жұмабаев.
Ал Петропавл полицейлері жыл басынан бері 15 тоннадан астам лицензияланбаған алкоголь өнімін тәркілесе, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында алкоголь өнімін шығарған астыртын цехтар анықталған. Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеуінше, жедел-тергеу іс-шаралары барысында бір топ азамат Түркістан облысы және Шымкент қаласында орналасқан қойма үй-жайларында жасанды алкоголь өнімін өндіру бойынша 3 жасырын цехтың жұмысын ұйымдастырып, заңсыз өнімді Түркістан облысы аумағында орналасқан сауда орындарына сатқан. Цехтерде жүргізілген тінту кезінде 5,5 мың дана есепке алу-бақылау маркалары, 5 тоннадан аса құрамында спирті бар сұйықтық, 6,5 мың бөтелке арақ, 24 мыңнан аса заттаңба анықталып, тәркіленді. Аталған деректер бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әлем елдері қалай күреседі? Алкогольді ішімдікпен күрес әлемнің барлық елінде қарқын алған. Адамзаттың ата жауына айналған бұл сусынның адам ағзасына келтірер зиянынан басқа пайдасы жоқ. Ішімдіктің көлемі қандай болса да, денсаулыққа зиян. Бұл туралы зерттеу The Lancet медициналық журналында жарық көрді. Вашингтон университеті ғалымдарының айтуынша, әлемдегі әр үш адамның бірі спиртті сусын қолданады. Алкоголь тұтыну болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін де зиян. Сондықтан Америка алкогольді ішімдік өндірісі мен саудасына қатаң салықтық-фискалдық жүйе енгізген. Американың бұл ұстанымын ұстанатын елдерде алкогольді өнімдерге деген салық жүгі шамадан тыс артық болғандықтан, арақ-шарап өндіру мен сату іс жүзінде тиімсіз. Сол себепті бұл өндіріс көзі сыртқы нарыққа бағытталады. Бұл үлгідегі елдер қатарына АҚШ, Канада, Мексика, Чили, Түркия жатады. Ал Қытай, Үндістан, Шри-Ланка, Въетнам, Тайланд, Корея, Непал, Оңтүстік Азия елдерінің салт-дәстүрлерінде алкогольді өнімдерді тұтынуға қарсы көптеген ескертулер болғандықтан, халық ішімдіктен мейлінше алыс. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қашан да қолдау көрсетіліп отырады. Мысалы, Қытайда ішімдікті тұтыну мөлшері жылына орташа есеппен алғанда жан басына 50 грамнан аспайды екен. Скандинавия елдерінде салауатты өмір салтын енгізу үшін мемлекет пен халық белсенді түрде іс-шаралар жүргізеді. Осы үшін мемлекет миллиардтаған қаржы жұмсайды. Яғни, саламатты өмір салтын дәріптейтін қоғамдық ұйымдарды қаржылай және саяси тұрғыдан қолдап отырады. Ал арақ-шарап өндірушілер табысының қомақты бөлігін ішімдік салдарынан туындайтын ауру-сырқауларды емдеу шараларына бөледі. Мұндай елдердің тізіміне Германия, Голландия, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия, Швейцария жатады. Айта кету керек, ТМД елдері, Шығыс Еуропа мен Латын Америка елдері ішімдікке қарсы күресте қауқарсыз. Бұл мемлекеттерде халық ішімдікке құмар келетіндіктен, мемлекет тарапынан жасалатын бағдарламалар, яки заңдардың жүзеге асуы мардымсыз. Мұндай елдерде жылына адам басына шаққанда алкогольді ішімдік тұтыну мөлшері 25-30 литрге дейін барады.