Атқарушы билік ұзақ уақыт бойы «үндемес» ойнап отырғандықтан, Роман Хлистунов заңның осы бабын басшылыққа алып, 2021 жылдың желтоқсанында Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне келісім рәсімдері туралы өтініш жазып, өз мәселесінің келісу комиссиясында қаралғанын сұрайды. Бұл хатына ол әкімдіктен «мүлікті сатып алу үшін қаражат жоқ» деген жауап алыпты. Хатта «Қаржы түскен соң тиісті сатып алу рәсімдері басталады» делінген. Алайда мүлік иесі мұны заңға қайшы деп санайды. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес мәжбүрлі сатып алу рәсімі басталмас бұрын жергілікті атқарушы орган бұл жұмыстың аяқталу мерзімі көрсетілген қаулы қабылдауы тиіс болатын. Заңда: «Жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға жер телімін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын меншік иесінен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыдан шарт жобасымен келісетіні туралы жазбаша өтініш алған кезден бастап бір ай ішінде ұсынады. Жер телімін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын жергілікті өкілді органның тұрақты комиссиясы ол енгізілген кезден бастап екі апта мерзімнен кешіктірмей, меншік иесін және иеліктен шығарылатын мүлікке қатысты құқықтары тоқтатылатын немесе шектелетін тұлғаларды міндетті түрде шақыра отырып қарайды», – деп жазылған. «Осылайша, шын мәнісінде 14 сәуірде басталған мәжбүрлі сатып алу шаруасы биліктің жауабы бойынша желтоқсанда да басталмаған болып отыр. Ендеше менің мүлкіме жасалған ауыртпалық та заңсыз. Бүгінде жер телімін және онда орналасқан үйді сатып алу рәсімі аяқталмаған әрі жергілікті атқарушы орган оны аяқтау үшін шырпы басын сындырмай отыр. Ал менің мүлкіме ауыртпалық тіркелгелі бір жылдан асты. Шенеуніктердің мұндай әрекетсіздігі менің құқығымды бұзуда. Мен меншік иесі ретінде өз мүлкіме иелік ете алмаймын: сатуға да, айырбастауға да құқығым жоқ, не жөндеу жүргізе алмаймын», – деп налиды меншік иесі.Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер дәл қазір Хлистуновтың мүлкін сатып алу орынсыз деп санайтындарын айтыпты. Дегенмен тіркелген ауыртпалықтар алынып тасталмаған. Роман Хлистунов өз құқықтары бұзылғанын айтып, қала әкімі орынбасарының қабылдауына кірмекші болған екен. 13 маусымда қабылдауға жазылып, 28 маусым күнгі тізімге енгізілгені туралы жауап алғанымен, оның өтінішін ескерген адам жоқ. Бір қызығы eOtinish порталында оның электронды өтініші орындалғаны туралы жазба бар. Ал шын мәнісінде өзі сол кезде жұмыс бабымен Алматы қаласында болғанын, сол күні қала әкімі орынбасарының қабылдауына келмегенін айтады. Барар жер, басар тауы қалмаған мүлік иесі «AMANAT» партиясына жүгінді. Ол қала әкімі орынбасарының қабылдауына да партияның көмегімен ғана кіре алғанын айтады. Жергілікті шенеуніктерден ол Аяған Шәжімбаев көшесіндегі жер телімінен ауыртпалықтарды алып тастап, жаңа құрылысқа рұқсат беруін сұраған. Әкімнің орынбасары мәселесі қарастырылатынын айтып шығарып салғанымен, «баяғы жартас – бір жартас». Одан бері 16 күн өтсе де, ешқандай әрекет жоқ.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 62-ші бабын басшылыққа алып отырғандарын айтады. Осыны басшылыққа алған әкімдік оған басқа жер телімін бергенін алға тартып отыр. Бірақ Роман Хлистуновтың айтуынша, бұл оған мүлдем басқа мүлкі үшін берілген. Сөйтсек, оның Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы дүкенінің жері де мемлекет мұқтаждығы үшін тартып алынған екен. Соның орнына оған басқа көшеден жер берілген. «Бөлінген жер бірнеше жыл бойы иесіз жатқан, саз-балшық, белшеден батпақ, көшенің бойында орналаспаған. Мен оларға тап-таза, асфальтталған, күтілген жер бердім ғой. Екі жер телімінің құны бірдей емес. Ендеше бағасындағы айырмашылықты төлесін», – дейді Роман Хлистунов.Сондай-ақ ол көршісінің жеріне қатысты да мәселені шешумен айналысып жүр. Роман көршісінің 350 шаршы метрлік коттеджін жүз миллион теңгеге сатып алған әкімдіктің әрекетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар деп есептейді. Оның мәселесі республикалық «Жер аманаты» комиссиясының Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында да қаралды. Қоғамдық қабылдау бөлмесі де осы жайтты бақылауда ұстап отыр. Роман Хлистунов Петропавл қаласы әкімдігінің, соның ішінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына шара қолдануды, атап айтқанда, мүлкін мәжбүрлі сатып алу рәсімін аяқтауға қолғабыс етуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы мәселе көтеруді сұрайды. Бұдан соң мәселесі оң шешімін таппаса, Роман Хлистунов Бас прокуратура мен сотқа жүгінбек ниетте.
Солтүстік Қазақстан облысы