Ақмола облысынан сақ жауынгері жерленген қорым табылды
Ақмола облысынан сақ жауынгері жерленген қорым табылды
512
оқылды
Ақмола облысында ерте темір дәуірінде өмір сүрген сақ жауынгері жерленген қорым, әшекей бұйымдар мен қару-жарақтар табылды. Бұл туралы өңірдің Мәдениет басқармасы хабарлады. сақ
«Облыстық Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары Бурабай ауданындағы Құмдыкөл (Златополье) ауылының аумағында «РегионДорСтрой» ЖШС-ға бөлінген жер учаскелеріне зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ерте темір дәуірі мен ортағасырлық кезеңдерге жататын «Құмдыкөл» (Златополье ауылы) және «Жаңажол» археологиялық ескерткіштерін тапты. Сонымен қатар барлау жұмыстары барысында ауыл тұрғындары Жаңажол ауылы маңындағы орман ішінде орналасқан қорғанның орнын көрсетті. Қорғанды зерттеу барысында суырдың інінен көне жебенің ұштары табылды», - делінген хабарламада.
сақ Мәдениет басқармасының мәлімдеуінше, осындай көне археологиялық қорғандар табылғанда Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының жарғысына сәйкес археологиялық қорғау-құтқару жұмыстары жүргізіледі. Өйткені жер астындағы өзге де құнды жәдігерлер табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жойылып кетуі ықтимал. Сондықтан «Жаңажол» қорғанына археологиялық зерттеу жүргізілді. сақ
«Зерттеу барысында қорғанның жерлеу шұңқырынан ерте темір дәуіріне қатысты – сақ жауынгері анықталды. Адаммен бірге жерленген бірнеше жәдігер табылды, олардың ішінде: жылқы малының ауыздығы мен жүгеннің әшекей бұйымдары (құстың басы мен күн құдайының белгісі бар дөңгелек жапсырмалар), қанжар-пышақ, тасқайрақ, 10 дана сақ-скифтік үлгідегі жебенің ұштары және қысқа акинак-қылыш табылды», - деп мәлімдеді басқарма қызметкерлері.
Табылған жәдігерлер зерттеліп болған соң Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларынан орын тауып, музей қорын толықтыратын болады.

Токанов А.