– Ең алғашқы ойынды теміржолшылар қаласынан бастауды ұйғардық. «AMANAT AQYLMAN» – интеллект пен мәдениетті, өзара қарым-қатынасты дамытып, шапшаңдық, тапқырлық және жан-жақтылықты дағдыға айналдыратын, таным көкжиегін кеңейтетін жастар ордасы болмақ. Біз жастармен кездескенде пікірлерін тыңдап, ой алмасамыз. Тиімді жобалары болса, ұсынуларын айтып жүреміз. Басым бөлігі білім бағытын қолға алуды сұрайды. Бұл сұраныс бізді де қуантты. Осылайша партияның облыстық филиалы тарапынан жаңа жобаны өткізу идеясы туындады. Бастауыш партия ұйымдарына қайтарылған 20 пайыз жарна аясында осы секілді жобаларды жүзеге асырамыз. Ал, «AMANAT AQYLMAN» өңіріміздің барлық аудан, қаласында өткізіледі. Жеңімпаздар облыс орталығы Түркістан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдама алып, бақ сынайды. Жыл соңында кіл мықтыны анықтаймыз. Бүгінгі ойында белсенділік танытып, қатысқандарыңызға алғыс білдіреміз, – деді Бейсен Дәулетұлы.Әр команда 5 адамнан құралды. Ойынға 9 топ қатысып, 4 кезең бойынша сайысты. Қатысушыларға қала тарихы, өнер саласы, партиялық жобалар мен мемлекеттік басқару саласына сұрақтар қойылды. Тартысқа толы интеллектуалды ойын қорытындысы бойынша 3-орынды қалалық әкімдіктің мамандарынан құралған «Ел тірегі» командасы иеленсе, 2-орыннан құрамында партия қызметкерлері және депутаттары бар «Парасат» тобы көрінді. Қалалық жастар ресурстық орталығының ұжымынан құралған «Болашақ» командасы 1-орынды қанжығаға байлап, жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер қаржылай және арнайы сыйлықтармен марапатталып, оларға Арыс қаласы әкімінің алғыс хаты табысталды.
Азат ҚАЗАҚ