Жер мәселесіне атүсті қараған
Жер мәселесіне атүсті қараған
388
оқылды
Жетісуда ауыл шаруашы­лығы мақсаттағы жер мәсе­лесі ушығып тұр. Ең сорақысы, өңірде әрқайсысы 1 000 гек­тар­дан артық жерді бауырына басып отырған 523 шаруа қо­жалығы бар. Құжаттарын тап-тұйнақтай етіп реттеп алға­ны­мен, мұншама жер игерусіз жатыр. Ал оны кәдесіне жа­ратқысы келетіндерді ал­па­уыт­тар жолатпайды. Сала­да­ғы жең ұшынан жалғасқан сы­бай­ластыққа құзырлы ор­гандар назар аударуы қажет-ақ. Қазір ауыл шаруашылығы мақсатындағы, оның ішінде жа­йылым, шабындық жерлерге талас-тартыс пен бірге игерілмей жатқан егістік алқаптарын қайтару мәселесі ауылдағы ағайынды алаң­датады. Бұл жағдай облыс әкімді­гінің де жіті назарында. Мемлекет басшысы да жерге қатысты қалып­тасқан жағдайға баса назар ауда­рып, жылдар бойы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерді анықтау және мемлекеттік қорға қайтару туралы тапсырма берген. Осыған орай облыста құрылған жұмысшы топ күні бүгінге дейін біршама жұмыс жүргізген. Түйткілдердің түйіні тар­қатыла бастағанымен, кейбір шенеуніктердің өз ісіне немқұ­райды қарауы, бір кезде жүздеген гектарды алып алғанымен, игер­меген кейбір тұлғалардың оны қайтаруға құлықсыздығы сынды факторлар жиі байқалады. Жетісу облысының әкімі Бей­біт Исабаевтың айтуынша, пай­даланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жұмыстары әлі де тиісті деңгейде жүргізілмеген. Тіпті, ірі жер иеленушілер мен олардың мен­шігіндегі алқаптарды игеруде деректерді жасырып қалу немесе жалған мәліметтер беру жиілепті. Бұл орайда өңір басшысы көп іске аудан әкімдерінің де қатысы бар.
– Аудан әкімдері өздері бас­қа­рып отырған аймақтағы ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер­лерге қатысты кез келген мәселені бес саусағындай біледі. Бірақ олар жауапкершіліктен басын алып қашып, барлығын орынбасар­ла­рына, бөлім жетекшілеріне сілтеуді мықтап меңгеріп алған. Өйткені сол жерлердің кезінде қалай болса со­лай таратылып, жылдар бойы қа­раусыз жатуында аудан әкімде­рінің тікелей кінәсі бар. Әсіресе, инвес­тициялық жобаларға орасан үлкен жер телімдерін беріп алып, жылдар бойы ондағы жұмысқа кө­ңіл бөлмеу жауапсыздықтың ең сорақысы. Дәл қазіргі талап бо­йынша жерге бай­ланысты мәсе­лерге тікелей жауап­кершілік аудан, қала әкімдерінің мойнында екенін сезінетін кез келді. Соған қара­мас­тан жерге қатысты даулы мәсе­ле­лердің ше­шілуіне ниет танытпай, сырттан бақылауға тырысып жатады. Қазір Мемлекет басшысына, Үкімет жетекшісіне жайылым­дық­тардың тапшылығы, жеке тұрғын үй салуға арналған телімдерге қолжетімсіздігі бойынша арыз-шағымдар көптеп түсіп жатыр. Сон­дықтан алдағы кезде әкімдерді қоса алғанда, барлық құзырлы ор­ган жерге қатысты бірде-бір арыз­ды, көтерілген мәселені назардан тыс қалдырмай, тез арада заң ая­сында шешуге міндетті. Талап бә­ріңізге ортақ. Сұрауы қатаң бола­ды, – деп өңір басшысы аудан, қала әкімдерінің жұмысын қатты сынға алды.
Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев жерге түгендеу жүргізу және игерілмей жатқанын, мемлекеттік қорға қайтаруға қа­тысты бірқатар мәселенің бетін ашты. Оның мәлімдеуінше, об­лыстағы жердің көлемі 11 миллион 800 мың гектарды құрайды. Осы жердің 4,4 млн гектарын ауыл ша­руашылығы мақсатында пайдала­нуға болады. Оның ішінде 528, 9 мың гектар егістік, 199,2 мың гек­тар суармалы, 2,3 мың гектар көп­жылдық шөптер, 126,6 мың гектар шабындық, 3,7 миллион гектар жа­йылым жер бар. Осынау ұлан-ғайыр алқаптарда 18 431 ауыл ша­руашылығы субъектісі және солар арқылы мыңдаған адам өз нәпа­қасын тауып отырған көрінеді. Жер кодексіне енгізілген тиісті өзгерістерге сай ендігі кезекте жерді пайдалануды бақылау Жер ресурстарын басқару департа­мен­тіне жүктелген. Алайда мұндағылар өз міндетін мінсіз атқарып отыр деуге келмейді. Соның салдары­нан облыстың әр аймағында ауыл ­ша­руашылығы мақсатындағы, оның ішінде жайылым және шабын­дық жерлерге қатысты дау-дамай­лар мен түсініспеушіліктер жиі көрініс беріп жатады. Жер ресурстарын басқару департаменті басшысының мін­де­тін атқарушы Еркебұлан Мәдібаев аэрокосмостық түгендеу жүргізу нәтижесінде аудандар мен қалалар бойынша 857 мың гектар, оның ішінде 13 500 гектар егістік жерді мем­лекет меншігіне қайтару қа­жет­тігі анықталыпты. Нақтырақ айтқанда, ауыл шаруашылығына арналған осыншама жер жылдар бойы пайдаланылмаған. Қайтар­ғысы келмегендер тез арада жерді пайдалануға кірісетінін дәлелдеуі керек. Өкінішке қарай, бұл ақпарат өткен жылдың шілдесінде тиісті органдарға тапсырылғанмен, одан бергі бір жылдан астам уақытта бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргі­зіл­меген. Бүгінде, әсіресе Ақсу ау­да­нындағы жерге қатысты жағдай өте күрделі. Мұнда облыс аумағы бо­йынша есептегендегі аумақтың төрттен бірін құрайтын 219 мың гектар жайылым алқап босқа жатыр. Сонымен бірге Алакөл, Кербұлақ және Панфилов аудан­дарында пайдаланылмай жатқан жердің көлемі де едәуір. Облыс әкімдігінің Жер қаты­настары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Қарт­баевтың хабарлауынша, биыл ау­дандық әкімдіктер ауыл шаруа­шылығына арналған жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 8 конкурс бойынша фермер шаруа­шылықтарына жалпы аумағы 40,7 мың гектар болатын 8 жер телімін беріпті. Жайылым жерлер жетіс­пей, ауыл тұрғындарының дені малын қорада бағып отырған дәл қазіргі кезде мұндай қадамның дұ­рыстығы күмән келтірмейді. Мал өрісінің тарылуына байланысты қазір қолда бар 346 мың гектар қоғамдық жайылымдарға қосымша тағы 371 мың гектар жайылым қо­сымша бекітіліпті. Сонда бү­гінде Жетісу облысы тұр­ғында­ры­ның пайда­лануы үшін қағаз жүзінде барлығы 717 мың гектар жайылым алқап қарас­тырылған. Сонымен бірге облыстың 6 ау­данында елді мекендердің айна­ла­сында 5 шақырымға дейінгі жерде орналасқан 31 мың гектар жайы­лымды мемлекет мұқтаждығы үшін алу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Байқап отырғанымыздай, бұған дейін әкімдер «шамасы» жеткендерге ауылдың маңындағы жайылымдар мен шабындықтарды да бөліп берген. 2019-2021 жылдары облыста 222 инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін 487 мың гектар жер телімі беріліпті. Солардың ішіндегі 44 инвестициялық жоба сол бойы қозғаусыз қалып, 32,1 мың гектар жер пайдаланылмаған. Іске аспаған инвестициялық жобаның дені Сар­қан, Алакөл, Кербұлақ, Пан­фи­лов және Ақсу аудандарында екен. Өңірде жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін алуға кезек мәселесі де шешімін күткелі талай жылдың жүзі болды. Облыс бойынша тіркеуде тұрған 107 мың өтініштің басым бөлігі Талдықорған қаласы мен Панфилов ауданына тиесілі. Бұл салада дереу ретттеу мен тәртіпке келтіруді талап ететін тұстар бар.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы