Қамқорлықтан қуат алады
Қамқорлықтан қуат алады
771
оқылды
Атырау облысындағы алақандай Елтай ауылынан шыққан Қуат Жанесеевті қазақтың Ник Вуйчичі десек болады. 12 жылдан бері арбаға таңылған Қуат осы уақытқа дейін 6 мұқтаж отбасының баспаналы болуына бастамашы болды. Ерікті ретінде ғана емес, кәсіпкерлікті де қатар алып жүріп, спортқа, өзгеге мотивация беруге де уақыт табады. Кейіпкерімізбен жүздескенде оның жігеріне, өжеттілігіне еріксіз риза болдық. Атырау облысы Индер ауданының Елтай ауылында тұратын Қуат Жанесеев – тәуелсіздіктің құрдасы. Бала кезінен алғыр, арманшыл болып өскен ол 2010 жылы жол апатына түсті. Ауруханада дәрігерлердің «енді жүруің неғайбыл» дегенін естігенде Қуат «бәрі де бітті» деп ойлаған. Шын мәнінде, бұл сынақ Қуатты екінші рет өмірге әкелген еді.
«Бастапқыда әрине, қиналдым. Оның үстіне, жаспын, албырттығым бар. «Арбада таңылып қаламын» деген ой жегідей жей берді. Бірнеше мәрте күрделі ота жасаттым. Бірақ арбадан тұрып кете алмадым. Сол кезде жанымнан табылған ата-анама, бауырларыма, достарыма шексіз ризамын. Олар менің өзіммен күресуге мүмкіндігім барына сенді. Маған жігер берді. Және өз-өзімді қолға алуыма себепші болды», – дейді Қуат.
Алты отбасын баспаналы етті Өзімен күресіп, жігерін өзі жаныған азамат үйде отыра бермей, қоғаммен араласуға бел буған. Жастайынан біреуге көмектесуге бейім тұратын Қуат қайырлы істі туған ауылынан бастауды жөн көріпті.
– Ауылда көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасы болды. Бастапқыда оларға тұрақты түрде азық-түлік апарып тұрдым. Ішерге ас, киерге киім таппай, ашқұрсақ болып жүрген кішкентай балалардың тамақ келгеніне қуанғанын көргенімде ішкі дүниемде бір нәрсе төңкеріліп түскендей болды. Сол күннен бастап мен «әлсіздерге көмектесемін» деп шештім», – дейді кейіпкеріміз.
Осылайша, Қуат жалғызбасты, көпбалалы, үйінде мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасыларға көмек көрсете бастады. Бұл 2018 жыл болатын. Сол жылдан бері Қуат 6 мұқтаж отбасының қоныстойын тойлауына себепші болды. Оның ішінде екі баспананы «Харекет» қорымен бірлесе отырып табыстаса, төрт баспананы әлеуметтік желідегі парақшасында халыққа үндеу тастау арқылы өзі табыс етті. «Есбол ауылында үйі құлап қалған отбасы болды. Бірнеше баласымен далада қалған Ғалия апаның мүшкіл жағдайын көргенімде, жүрегім езіліп кетті. «Харекет» қорымен бірлесе отырып, апаға 5 күн ішінде Индер ауданынан жаңа баспана алып бердік. Апаға баспаналы болғанын бірден айтпай, тосынсый жасаған болатынбыз. Сол кезде апаның қуаныштан жылағаны әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Көрген сайын алғысын айтумен болады.
Тағы бірде Айман есімді жалғызбасты анаға баспана алып бердік. Үш баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Айманның бір сәбиі ерекше. Баспана табыстап, қуантқан кезімізде Айманның анасы «екі аяғымды саған берер едім» деп жылаған уақытта менің де көзіме жас келді. Әлі күнге дейін сынбай, тек алға қарай ұмтылып келе жатқаныма бәлкім, үлкендердің батасы, балалардың алғысы себеп болып жүрген шығар деп те ойлаймын», – дейді Қуат.
Адамдардың қуанғанын көру, олардың шынайы алғысын алу – ерекше бақыт. Талай отбасына көмек көрсетіп жүрген Қуат қазір «Жомарт жүректер» деп аталатын еріктілер қозғалысына жетекшілік етіп отыр. 132 еріктінің басын біріктіріп отырған қозғалыс апта сайын мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеді. Сырқат балалардың еміне, күрделі ота жасату шығынын жинауға үлес қосып келеді. Осы уақытқа дейін бұл қозғалыс сырқат 4 баланың шетелде ем алуына қаржы жинап берді. Қайырымдылық істерден бөлек, Қуат Жанесеев бүгінгі таңда кәсіптің бірнеше түрімен айналысады. Атап айтқанда, балаларға арналған ойын алаңы, баспа орталығы, азық-түлік дүкені және септик тазалауға арналған қызметті үйлестіріп отырған Қуат түскен табысының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсауды әдетке айналдырған. Ауылдарға оңалту орталығы қажет
«Ендігі мақсатым – елімнің қажетіне жарау үшін одан әрі еңбек ету. Төрт қабырғаға қамалып, өмірден баз кешіп жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар үшін құммен сурет салуға арналған үйірме, вокал, би, шахмат, дойбы курстарын ашуды мақсат етіп отырмын. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдарды сауықтыруға арналған орталық ашу жоспарымда бар. Өйткені осындай оңалту орталықтары көп жағдайда ауыл тұрғындары үшін қолжетімсіз болып келеді. Егер оңалту орталықтарын ауылдық жерлерден көбірек салатын болсақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығын жақсартуға мейлінше кеңірек жол ашылар еді. Адамды көп жағдайда еріншектік, қырсықтық және өз-өзіне сенбеушілік артқа итеріп жатады. Әрекеттің түбінде міндетті түрде берекеті болады. Аз да болса, атқарып жүрген істерім өзгелердің алға ұмтылуына себеп болып жатса, мақсатымның орындалғаны», – деді Қуат Жанесеев.
Жастайынан спортқа жақын Қуат бүгінде шахмат-дойбы, үстел теннисінен қалалық, облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Тіпті, ауыр атлетикамен де айналысып, облыста өткен турнирде бірінші орынды иеленді. Бос уақытын спортқа арнаумен, кітап оқумен өткізетін Қуат екі аяғын нық басарына сенімді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы