Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы теңіз жағалауынан балықтың қырылғанын анықтаған.
«Биылғы 29 тамызда Tik-Tok желісіндегі видеода судың кері қайтуы салдарынан балықтың қырылғаны көрсетілген. Видео авторының айтуынша, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде балықтар қырылған. Бұл факт туралы жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу ұйымдары, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасына хабарланды. Сол күні балықтың қырылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауын зерттеуге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері жіберілді. Бұдан соң 30-31 тамызда инспекторлық құрам бақылаудағы акваторияның едәуір бөлігін автомобиль және әуе көлігімен тексерді. Ал, 1 қыркүйекте Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі «Жилая коса» учаскесінің жанындағы жағалаудан 4 шақырым қашықтықта балықтың қырылған орны анықталды», - деп хабарлады аталған инспекциядан.
Осыған байланысты 2 қыркүйекте экология және полиция департаменттерінің, ветеринариялық қызметтің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері бар жұмыс тобы су, топырақ және өлі балықтан сынамалар алуды көздеп отыр. Бұл үшін қырылған балық табылған жерге барады.
«Қазгидрометтің мәліметінше, 2022 жылдың 18-23 тамызы аралығында Каспий теңізінің суы 5-25 шақырымға дейін кері қайтқан. Бұл балықтың өліміне себеп болған. Қосымша ақпарат кейін хабарланатын болады», -деп мәлім етті Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясынан.