«AMANAT» партиясы жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар комитетінің отырысында депутаттар еңбек саласын цифрландыру және халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов бүгінде әлеуметтік салада еңбек жағдайы, жұмыспен қамту, көші-қон, әлеуметтік көмектер мен қызметтер, әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру сияқты бағыттарды қамтитын 16 ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, 45 мемлекеттік қызмет түрінің 43-ін электронды форматта алуға болатынын жеткізді. Оның ішінде 21 қызмет проактивті түрде көрсетіледі.
«Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына келген зиянды өтеу жөніндегі төлем, яғни ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті тағайындау – мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ВАК-қа сұраныстың аз түсуіне байланысты 2023 жылға дейін автоматтандыруға жатпайды деп танылды. Сондай-ақ сот актілері бойынша тарихи деректердің болмауы да өзекті мәселеге айналды. 2021 жылы барлығы 399 қызмет көрсетілді», – деді Ербол Оспанов.
Осылайша, министрлік бүкіл Қазақстан халқының (19,4 млн адамды туғаннан бастап) дербес есебін жүргізеді. Сондай-ақ 13 мемлекеттік органмен және екінші деңгейдегі банктермен ақпараттық жүйелердің 500-ден астам интеграциясы іске асырылды.
Министрлік әлеуметтік, еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжинирингтеу аясында осы жылдың соңына дейін біраз жұмысты жоспарлап отыр. Атап айтсақ, «Электронды Үкімет» порталында үш қызметті жүзеге асыру, төрт қызметті проактивті форматқа көшіру, үш «жасырын» қызметті автоматтандыру және оларды мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізу. Қазір осы бағыттар бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр және бұйрықтың жобасы әзірленді.
Ербол Оспанов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді трансформациялау және реинжиниринг бойынша жұмыс жалғасатынын жеткізді.