«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының атауы өзгеріп, ребрендинг жасалғалы 2 айға жуық уақыт болды. Осы аралықта жастар ұйымының жұмысы қайта жанданды. Жаңа Қазақстанның жас буынын біріктіретін бірнеше тың жоба жүзеге асты. Солардың бірі – «Өрлеу». Кешенді жоба 14-35 жас аралығындағы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге бағытталған.
Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылдың басында 14-35 жастағы жастар саны ел халқының жалпы санының 29,8%-ын немесе 5 636 372 адамды құрады. Қалалық жерлерде 3 220 766 жас (57,1%), ауылдық жерлерде – 2 415 605 (42,9%) жас тұрады. Осыған орай Мемлекет басшысы өңірлерде еңбек идеологиясын ілгерілету міндетін қойды, оған қол жеткізу үшін партияны жаңғырту бағдарламасы шеңберінде ауыл жастарының әлеуетін дамытуға бағытталған «Өрлеу» жобасын іске қосуды тапсырды. «Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаевтың айтуынша, кешенді жоба негізгі 3 бағыттан құралған. Алғашқы бағыт «AMANAT» партиясының белсенді мүшелерінен, тәжірибелі көшбасшылар мен тәлімгерлерден жасақталған 1000 ментор пулы болмақ. Менторлар пулы IT, медиа, бизнес, спорт, өнер, саясат, қоғамдық сала және өзге қоғамның басым бағыттарында жастарға бағыт-бағдар беретін болады. Бұл құрамға «AMANAT» партиясының Жас депутаттар корпусы мүшелері де кіретін болады. Ұйымдастырушылар менторлар пулымен шектеліп қалмаймыз дейді. Атаулы жоба ауыл жастарын, жас IT мамандары мен оқушыларды да қамтып, бағыттар бойынша бірқатар жоспарды жүзеге асырады.
– Келесі бағыт ауыл жастары арасында заманауи дағдыларды жетілдіруге бағытталған жас көшбасшылар мектебінен тұрады. Қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық ауыл-аймағында арнайы оқыту лагерьлеріне іріктеу жұмыстары басталады. Іріктеуден өткен жастар аймақтық топтарға біріктіріліп, арнайы шеберлік сағаттардан өтеді. Ауыл жастарының мәселесін көтеретін үздік деп танылған жастардан топтар жасақтаймыз.
Сондай-ақ күз айларында оқушылар арасында өтетін пікірсайыс чемпионатына іріктеу болады,– дейді Нұржан Жетпісбаев.
LOCAL COMMYNITY деп аталатын бағыт жас лидерлер мектебін қалыптастыруды көздейді. Бұл кезеңде әр аймақтан (оңтүстік, солтүстік, батыс, орталық, шығыс) менторлардың мектебінен өткен, ауылдан шыққан үздік 400 жас анықталады. Әр аймақта «Жастар мәселесі жастар көзімен» атты кейс чемпионаттар өткізіледі. Бұл өз кезегінде жастар арасындағы өзекті сұрақтарды алаңдарда көтеруге мүмкіндік береді екен. Сонымен қатар бұл жастар өз аймағының мәселелерін көтеруге мүмкіндік алу үшін дебат турнирлерінде жолдама ала алады. Оған қоса, «AMANAT Cup» республикалық дебат турниріне қатысады. Жалпы, бұл бағытта 20 мың жасты қамту жоспарда бар.
Ал үшінші бағыт – ауыл жастары мен жұмыссыз жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру. Бұл бағыт шеңберінде жас IT мамандарына, елді мекендердегі талантты жастарға арналған түрлі байқаулар өткізу жоспарлануда. Осылайша, «Өрлеу» нағыз шығармашыл ауыл жастарына өз біліктіліктерін дамытуға трамплин болмақ.
Сонымен қатар 27 тамыздан бастап арнайы жасақталған менторлар тобы жастар көптеп жиналатын орындарда арнайы кездесулер ұйымдастырып, жастар арасынан топ жасақтайтын болады. Жастар қанатының кезектен тыс VI съезінің спикері СҚО, Озерное ауылы мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Асыл Ахметова өз сөзінде атаулы жобаға ментор болуға қызығушылық танытып, ауыл жастарын оқытуға дайын екенін айтып өткен болатын. Белгілі блогер осы жобаның бренд амбассадоры.