ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Алишер Тастенов Мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауын қолдап, халықтың тұрмысын жақсарту үшін салық жүйесін оңтайландыру қажет деп санайды.
– 2022 жыл тарихқа өзгерістер мен реформалар жылы ретінде енеді. Биыл Президент Қазақстан халқына екі рет экономикалық және саяси реформалар негізінде Жолдау жолдады. Егер наурыздағы Жолдау саяси жүйені ырықтандыруға және тепе-теңдікті орнатуға бағытталған конституциялық өзгерістерден тұрса, онда қыркүйек айындағы Жолдау әлеуметтік-экономикалық қайта құрудан тұрады. Олардың басты мақсаты қандай?
Ең алдымен, бұл экономиканың тұрақты өсуі үшін салық жүйесін оңтайландыру. Сол себепті келесі жылы жаңа Салық кодексі қабылданып, онда салықтық әкімшілендіру үлкен өзгерістерге ұшырайды. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында салықтық бақылауды толық цифрландыру жүргізілетін болады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Экономиканың түрлі секторларында сараланған салық мөлшерлемелеріне көшу арқылы салықтық ынталандырудың тиімділігін арттыру өте маңызды.
Бұл ретте технологиялық жаңғырту және ғылыми әзірлемелер саласындағы пайдадан корпоративтік табыс салығын азайту не одан толық босату мүмкіндігі пысықталатын болады. Тағы бір жаңалық – сән-салтанат салығы. Оны енгізу әлеуметтік теңдікті орнатуға және әділетті салық жүйесін дамытуға бағытталған. Ол бүгінде көптеген дамыған елдерде, мысалы Францияда, Италияда, Португалияда қолданылады және орта тапқа әсер етпейді. Жалпы, салықтық өзгерістер салық міндеттемелерін жеңілдетуге, сыбайлас жемқорлықты жоюға және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге бағытталған, – деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Алишер ТАСТЕНОВ.