«Алтын алқа», «Батыр Ана», «Ана даңқы» наградалары иегерлеріне берілетін жәрдемақы мөлшері ұлғайтылмақ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
«Әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін наградталған аналарға берілетін жәрдемақының мөлшері сараланады. Мәселен, «Алтын алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тан 7,4 АЕК-қа дейін ұлғайтылады», – делінген министрлік хабарламасында.
Бұдан бөлек, 6-дан көп баласы бар аналар үшін де арнайы қолдау тетіктері қарастырылмақ.
«Бүгінде 6 және 7 немесе одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналар бірдей жәрдемақы алады. Бұл ретте ол аналарға құрмет ретінде наградталған аналар мәртебесі белгіленеді», – делінген ресми мәлімдемеде.