Сенат депутаттары өрттен зардап шеккендерге біркүндік жалақыларын аударады
Сенат депутаттары өрттен зардап шеккендерге біркүндік жалақыларын аударады
241
оқылды

Сенат депутаттары өрттен зардап шеккендерге біркүндік жалақыларын аударады. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желі парақшасында жазды.

Қостанай облысындағы төтенше жағдай бәрімізді алаңдатып отыр. Тілсіз жау өңірге айтарлықтай салдарын тигізуде. Тұрғын үйлер, орман мен ауылшаруашылық жерлері отқа оранды. Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді. Қаза тапқан азаматтың жақындары мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз, - деп жазды ол.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апатты ауыздықтау үшін Арнайы жедел штаб құрылғаны белгілі. Үкіметке төтенше жағдай салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлу және баспаналарынан айырылған азаматтарға арнап жаңа тұрғын үйлер салу жұмысын жедел бастау жөнінде тапсырма берілді.
Апатпен күрес жұмыстарына Парламент Сенаты да өз үлесін қосады. Қостанай облысынан сайланған сенаторлар жедел штабтың жұмысына атсалысуда. Сондай-ақ Сенат депутаттары зардап шеккендерге көмек ретінде біркүндік жалақыларын аударады. Осындай жағдайда бірлігімізді танытып, жұдырықтай жұмылу аса маңызды. Зардап шеккендердің сауығып кетулерін және жағдайдың тезірек тұрақталуын тілейміз,  - деді Әшімбаев.