Мемлекет алапат табиғи апаттан зардап шеккен қостанайлықтарды ауыр жағдайда жалғыз қалдырмайды. Қиындыққа тап болған жұртқа қол ұшын созған билік, бизнес және халықтың қайырымдылық істері елдікті нығайтып, береке-бірлікті бекемдей түседі. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына арнайы сапарлап, өрттің зардабын тартқан Әулиекөл ауданын аралады. Тікұшақтан өрттің ауқымын бағамдады. Содан соң ол Қостанай облысындағы өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің өртке тосқауыл қою, елді мекендердегі азаматтарды эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға қолдау көрсету бағытында қабылданған шаралар туралы баяндамаларын тыңдады.
Халықтың бойына сенім құя сөйлеген Президент өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін нықтады. Табиғи апатты жою үшін барлық қажетті шара қабылданған. Қ.Тоқаев болған жағдайдан тиісті сабақ алу қажетін ескерте келе, өртті толық әрі жылдам ауыздықтау үшін шұғыл әрекет ету штабына барлық ведомствоның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.
Сонымен қатар Президент өрт шалған үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетудің маңызды екенін атап өтті. Үкімет пен Қостанай облысының әкімдігіне зардап шеккен тұрғындарға шұғыл түрде өтемақы төлеуді тапсырды.
– Зардап шеккен азаматтардың бәріне қажетті көмек беріледі. Олар қауіпсіз жерге көшірілді. Менің тапсырмаммен Үкімет тиісті мәселелерді шешу жұмыстарымен айналысып жатыр. Көмек көрсетілетіне ешқандай күмән болмауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне назар аударды. Оның байламынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын жүргізу керек.
Президент Төтенше жағдайлар министрлігін өз қызметкерлерінің әлеуметтік проблемаларын, соның ішінде тұрғын үйге және жатақханаға қатысты мәселелерін шешуге қабілетті институт ретінде салмақты түрде күшейтуді, сондай-ақ кәсіби кадрлардың дайындық деңгейін арттыруды жүктеді.
Мұның сыртында Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің өрт сөндіру бөлімшелерінің жеке құрамымен, өртпен күреске тартылған еріктілермен кездесті. Қ.Тоқаев төтенше жағдайды жоюға атсалысқан барлық азаматқа жасаған ерлігі үшін алғыс білдіріп, олар наградалар мен сыйақыларға ұсынылатынын айтты.
Осы күні Қасым-Жомарт Кемелұлы Қостанай облысында орман өртінен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жедел штаб отырысынан кейін ол тілсіз жаудан зардап шеккен Аманқарағай ауылының аумағын аралады. Мемлекет басшысы Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде зардап шеккен азаматтармен кездесіп, жағдайын сұрастырды. Бұған қоса, гуманитарлық көмек тарату пунктінің жұмысымен танысты.
Зардап шеккендермен әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет қиын жағдайды еңсеру үшін барлық шараны қабылдайтынына екпін түсірді.
– Өкінішке қарай, үлкен өрт болды. Дегенмен тиісті көмек көрсетіледі. Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді, – деді Қ.Тоқаев.
Президент еріктілермен әңгімелесіп, оларға көрсеткен көмегі үшін алғысын жеткізді.