Дамыған елдерде көліксіз қалмайсыз: кез келген каршеринг компаниясының қосымшасын жүктеп, ақысын төлеп, жақын маңдағы жеңіл көлікті мініп жүре бересіз. Ал Қазақстанда каршеринг өркен жая алмады. Отандық нарыққа маманданған талай инвестор кірді, бірақ ісі ілгері баспады. Қазір тек Алматыда жалғыз компания каршерингті дамытуға тырысып жүр. Оның орнына елімізде азаматтар жеке көлігін тәулікке жалға беруге әуестенді. Бұл тіпті пәтерді тәулікке арендаға бергеннен тиімді деседі.Каршеринг неге «оталмады?»
Жалпы, мамандардың айтуынша, каршерингті жолға қою үшін Қазақстанға шамамен 30 миллион доллар инвестиция құюға тура келеді. Бірақ ол он жылда да ақталмауы мүмкін. Өйткені қаланың әр жеріне қойылған көліктердің жүргенінен тұрғаны көп.
2018 жылдан бері Алматыда каршеринг бизнесін жолға қойған Anytime.kz компаниясының автопаркі 500-ге жуық автомобильден тұрады екен. Соның ішінде бір темір тұлпарды ұстап тұруға жылына кем дегенде 1 миллион теңгеден астам қаржы кетеді. Оның ішінде бензинге – 314,9 мың, техникалық қызмет көрсетуге – 106,4 мың, КАСКО арқылы ұрлаудан, айдап кетуден, жол-көлік апатынан сақтандыруға – 203,3 мың, азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыруға – 34,4 мың, автожууға – 86,3 мың, дөңгелектерге, амортизацияға 300 мыңнан астам теңге шығын шығады. Бұған салығын, қосалқы бөлшектерін және басқасын қосыңыз. Сонда жыл сайын бизнес жарты миллиард теңгеден астам қосымша қаражатты қажет етеді.
Бұл ретте Алматыдағы каршерингте автокөлікті жалға алудың әрбір минуты 31 теңгеден басталады. Ал егер көлікті бір тәулікке алса, жалға беру құны – 10 490 теңгеден.
Каршерингтің дамуына Қазақстанда жеке тұлғалардың өз көлігін жалға беруінің кең қанат жаюы да тежеу болып отырғандай. Азаматтар төл темір тұлпарларын өз бетінше арендаға ұсынады немесе оны осымен айналысатын фирмалар арқылы жүзеге асыра алады. Қарағанды қаласының тұрғыны Ғабит шетелден айдап әкелген екі көлігін жалға беріп қойыпты: оларды сатып жіберуге тырысқан, алайда қазір ішкі нарықтан көлік алатындар аз дейді. Жұрт әлеуметтік желілер арқылы тауып, шетелден көлік таситындарға тапсырыс беруге бой ұрды.
Елорда тұрғыны Руслан бұған дейін «Яндекс.Таксидің» жүргізушісі болыпты. «Такси агрегаторының ережелері аса қатал. Күніне 12-14 сағаттан жұмыс істедім. Әрине, табыс та жоғары, бірақ әбден жүнжіп кеттім. Бұрын үнемі фитнесзалға барып, денемді шымыр ұстайтынмын, екі жыл ішінде бұлшық еттерім босаңсып, шау тарта бастаппын. Содан тасымалдаған жас бойжеткен әңгімелесу кезінде: «Жасыңыз қырыққа таяп қалған шығар?» деп сұрағанда, «Қой, осымен тоқтайын» деп ойладым. Әрине, қыздарды тапсырыс берген жеріне жеткізіп тастадым. Ал көлігімді тұрағына қойып, үйге кеттім. Әлі 29-дамын ғой», – дейді Руслан.
Содан жолдастарының бірі қазір машинаны жалға беру тренд екенін әңгімелеп, қызықтырыпты. Тіпті, Түркияға, Ресейге көшіп кеткендердің көбі көлігін жалға ұсынып, қашықтан табыс көзін ашыпты.
«Автопрокатпен айналысатын қаптаған фирма бар. Олар көлікті күніне 10-15 мың теңгеден жалға ұсынады. Қазақстандықтардың біразы, шетелге көшкендер солардың қызметіне жүгінетін болса керек. Бірақ оларға берілген автомобильдерді жиі бүлдіріп тастайды деп естідім. Тіпті, жол апатына түсіп, бұзылған күйде қайтаруы мүмкін екен. Содан мен «темір тұлпарымды» өз бетімше, жақсы танысыма табыстадым. Ай сайын 400 мың теңге төлеп тұрады. Елордада қазір баспананы осынша сомаға жалға бере алмайсыз, пәтерлер көбейіп, жылжымайтын мүлік арендасы арзандап кетті», – дейді Руслан.
Ол қазір тұрақты жұмыс тауып, бұрынғы үйреншікті өмір салтына оралыпты. Жалақысын және машина арендасын қосқанда табысы такси агрегаторынан тапқанынан әлдеқайда көп екен.
Алаяқтар көлік пен жүйкені тоздырады
Көлікті айға жалға алушылар әдетте оны таксилетуге пайдаланады. inDriver, «Яндекс.Такси», Uber және басқа такси агрегаторлары сервистеріне тіркеліп, қала ішінде ғана емес, өңірлер арасында айдайды. Қанатбек есімді жігіт те көлігін жалға берген: ол адам жол-көлік оқиғасына түспегенімен, бір жыл ішінде көлік салонын нашар жағдайға жеткізген, ішіне темекі мен түрлі иісмайдың «жұпары» сіңіп кеткен. Кімдерді, нені тасығаны белгісіз, артқы жақтағы креслоның әбден тозғаны сондай, оған көрпе жауып қойыпты. Жалдау мерзімі біткенде осы күйде автотұраққа тастап кеткен.
Осыған орай каршерингпен кәсіби түрде шұғылданатын фирмалар арендаға алу шартында жүргізушіге рұқсат етілмеген орындарда тұрақтауға, жылдамдықты шектен асыруға, тоқтау жолағын кесіп өтуге, көлік ішінде шылым шегуге, машинаға дақ түсіруге, элементтерін сындыруға, ішінде тамақ сақтауға, қоқыс қордалауға тыйым салады. Сондай-ақ көлікті мас күйде жүргізуге немесе оны басқаруды үшінші тұлғаларға сеніп тапсыруға рұқсат етпейді.
Ал жеке тұлғалардың автомобильдерін жалдап, оны тәулікке және айға арендаға ұсынатын делдал фирмалар өздеріне сеніп тапсырылған көліктерді қылмыскерлердің ұрлауынан да сақтандырмайды. Сол себепті көлігін бұларға сеніп тапсырмас бұрын азаматтар абай болғаны, сақтық танытып, компанияның шарттарымен танысқаны жөн. Өйткені бұл салаға енді алаяқтар да аяқ басқан көрінеді.
Бүгінде көлігін жалға берушілерді көптеген тәуекел, соның ішінде мүлкінен айырылу қаупі күтіп тұр. Отбасымен бірге Ресейдің Новосібір қаласына көшіп кеткен Эльмира Жәнібекқызы Қазақстанда қалған Toyota Camry 50 көлігін жалға береді. Алайда артынша, 2022 жылғы 15 шілдеде Семей қаласының орталық полиция бөліміне «Сигма Групп Компани» ЖШС-ынан шағым түседі. Соның негізінде сотқа дейінгі тергеу басталған.
Шағымдағы дерек бойынша, биылғы 12 шілдеде аталған компанияға Артем Мартынович деген адам жүгініп, Toyota Camry 50 автокөлігін 2 күнге жалға алу туралы келісімшарт бекітеді. Бірақ арызда жазылғандай, ол ізінше автомобильмен бірге тайып тұрған.
«Ол автомобиль – менің меншігім. Оны біраз бұрын «Сигма Групп Компани» ЖШС-ына арендаға бергенмін. Бұл істе мен зардап шегуші болып танылдым. Маған 7 миллион теңге шығын келтірілді. Бастапқыда бұл факті Қылмыстық кодекстің 195-бабының 4-бөлімі (Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен ірі мүлiктiк залал келтiру) бойынша тіркелген. 28 шілдедегі қаулымен қылмыстық іс «Алаяқтық» атты 190-бабымен қайта сараланды. Алайда 2 тамызға дейін іс бойынша белсенді іс-әрекеттер жасалмады. Сондықтан менің мүдделерімді білдіретін өкілім полиция бөлімі басшысының қабылдауына кіруге мәжбүр болды. Қазір анықталғандай, 12-14 шілде аралығында автокөлігім Нұр-Сұлтанда болған. Тергеуші Мартыновичпен телефон арқылы тілдесіпті, сонда ол Ресей Федерациясында жүргенін хабарлаған. Алайда оның Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткені туралы мәлімет жоқ», – дейді Э.Жәнібекқызы.
Ол әрекетсіздігіне шағым түсіргенге, яғни 2 тамызға дейін тергеуші тіпті «Сергек» камераларынан бейнежазбаларға сұрау салмағанына, туыс-туғанынан жауап алу үшін Мартыновичтің тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне жеке тапсырма бағыттамағанына қапаланады. Тіпті, Мартыновичтің өзіне, сондай-ақ көлікке іздеу жарияламапты. Тек табылған жағдайда көлік құралының қай жерде тұрғанын телефонмен хабарлау туралы ескерткен. Жәбірленуші мұны пәрменді шара санамайды.
«Масқарасы сол, Мартынович келісімшарт бекітерден бірнеше күн бұрын компания қызметкерлеріне саладағы бақталастары зұлымдық қылып, олардың автомобилін айдап кетуі мүмкін деген ескерту түсіпті. Артем есімді біреу келуі ықтимал деп ескертілген. Бірақ бұл ақпараттың қайнар көзі кім екені, оның бұл деректі қайдан алғаны және оқиғаға қатысының бар-жоғы анықталмаған. Ең құрығанда Мартыновичтің телефонмен тілдесулерінің егжей-тегжейін білу үшін ұялы байланыс операторына сұрау жолданбаған. Мартыновичтің Каспий банк арқылы ақылы автожолдардың төлемін төлегені туралы дерек бар. Яғни, қылмыс жасалған бір айдай уақытта зардап шегушіні тергеуден және бағдарлауды бағыттаудан басқа ештеңе жасалмаған. Осы арқылы автомобилді қайтарылмастай мүлдем жоғалту қаупі туды», – деп қапаланады көлік иесі.
Ол Тойотасы бөлшекке таратылып әкетіледі, қайта жабдықталады немесе басқа жолмен көзі құртылады деп үрейленеді. Оның үстіне, іздеу жарияланбағандықтан, айыпты шынымен шетелге қашып кетуі мүмкін. Әзірге тергеу жалғасуда. Істі қадағалау туралы өтініш Бас прокуратураға жолданған.
Жалпы, құқық қорғау органдарының немқұрайдылығы, әрекетсіздігі кесірінен Қазақстанда алаяқтар барлық саланы жайлап бара жатқанға ұқсайды. Мұндай жағдай каршерингті ғана емес, автомобиль арендасы саласын да жарға жығып тынуы мүмкін.