Алдағы 14-15 қыркүйек күндері Қазақстанда Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің VII съезі өтпек. Халықаралық жиынға әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатыспақ.
СІМ хабарлауынша, съездің тақырыбы «Әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы рөлі» деп аталмақ. Оның аясында діндердің рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы, білім беру мен дінтанудың діндердің бейбіт өмір сүруіне ықпал етудегі, әсіресе діни негіздегі экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылдағы рөлі және әйелдердің қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі туралы мәселелерді қамтитын төрт секциялық отырыс ұйымдастырылмақ.
«Алдағы діни форумның ерекшелігі Рим Папасы Франциск, әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы Теофил III, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Биыл съезд Тәуелсіздік сарайында өтеді. Сарайдың орналасу орны қазақстандық, сондай-ақ шетелдік БАҚ үшін кең баспасөз орталығын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бүгінде аталған іс-шараға 60 шетелдік БАҚ-тың 230-дан астам өкілі аккредиттелді. Сонымен қатар VII съезге, сондай-ақ Рим Папасының сапарына шетелдік журналистерді аккредиттеудің жабылғаны туралы хабарлаймыз», – деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сапар аясында Понтификтің Мемлекет басшысымен кездесуі, Қазақстан жұртшылығы мен дипломатиялық корпус алдында сөз сөйлеуі, Мессасы, сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезіне қатысуы жоспарлануда. Естеріңізге сала кетсек, бұл – Католик шіркеуі басшысының Қазақстанға екінші рет ат басын бұруы. Рим Папасын көру үшін Қазақстанға әлемнің түрлі елінен 3 мың адам келеді деп күтіліп отыр.