Қоғам белсендісі Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру қателік болғанын мойындады   
Қоғам белсендісі Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыру қателік болғанын мойындады   
Фото: yandex.kz
3,636
оқылды
Қоғам белсендісі Қарақат Әбденнің пікірінше, кейде қателікті мойындау да керек. VI шақырылымдағы Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты, Қоғамдық кеңес мүшесі Қарақат Әбден елорданың бұрынғы атауын қайтару керек екенін, Нұр-Сұлтан деп өзгерткендері қателік болғанын мойындап отыр.   [caption id="attachment_216703" align="alignnone" width="1200"] width= Фото: sputniknews.kz[/caption] Оның айтуынша, Президент Жолдауында халықтың көкейіндегі барлық мәселе егжей-тегжейлі айтылды. Өзекті проблемалар көтерілді. Енді елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару мәселесі  қоғамда қызу талқыланып жатыр.
"Осыған дейін бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері ойын ортаға салып, өз пікірін айтты. Бұған дейін осы проблеманы неге айтпады? Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерткен кезде неге қарсылық білдірмеді?  Депутаттар елорданың бұрынғы атауын қайтару туралы айтқанда, қазір неге өре түрегелді? Меніңше, дәл қазір қала атауын өзгерту себебінің аражігін ажыратып, айтысып-тартысатын уақыт емес. Бәріне уақыт төреші екенін түсінетін кез жетті», – дейді Қарақат Әбден.
Қаңтар оқиғасынан кейін дүниенің дидары өзгерді. Оның ішінде, қоғамдық көзқарас, пікір алуандығы әртүрлі болуы заңдылық. Тұрғындардың бір талабы елорданың бұрынғы атауын қайтаруды талап етуі де түсінікті жайт.
"Түбегейлі шешімді қалалық мәслихат депутаттары қабылдайтыны анық. Өз басым Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттіктен кететінін Шымкентке бет алған ұшақта бала-шағаның ортасында отырып, жол-жөнекей естідім. Ертеңіне қалалық мәслихаттың сессиясында Астана атауын өзгерту мәселесі көтерілді. Сол кезде жол жүріп кеткендіктен, мәслихат сессиясына қатыса алмадым. Бірі қала атауын өзгертуді жақтаса, енді бірі қалыс қалды. Әрі-сәрі көңіл күймен бұрынғы президентке ризашылығын білдіріп қолдағандар да болды. Алайда қаңтар оқиғасынан кейін пікір қайшылығы талап етуге ауысты. Бұрын Астананың атауын «Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгертпесін» деп айтса, қазір елорданың бұрынғы атауын қайтаруды талап етіп отыр», – деді Қарақат Әбден.
Оның айтуынша, VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаттарының шешімін халық қабылдай алмады. Халықтан қолдау таппады.
– Шындығында, халық елорданың жаңа Нұр-Сұлтан атауын қабылдамады. Ел мойындамаса, қолдан келер қайран жоқ. Бір ғана жол – қателігімізді мойындау. Қателікті мойындау – тығырықтан шығаратын жол емес пе? Мәселені ең оңтайлы, дұрыс шешімі де – қателікті түзету. Бұл жерде ешқандай саяси мәселе жоқ. Сараптай келе, осы мәселенің саясиландырғаны соншалық, ұсыныс айтқандар жүрісінен жаңыла бастады. Ең дұрысы, халықтың пікірімен санасып, әлеуметтік сауалнама жүргізейік. Сол кезде қаланың атауын ауыстыру мәселесіне қатысты елдің пікірі айдан анық белгілі болады, – дейді Қарақат Абден.
Қарақат Әбден сөз арасында елорданы әлі күнге дейін Астана дейтінін, Нұр-Сұлтан деп айту қиын екенін де тілге тиек етті.
"Қала тұрғындарының барлығы елорданы Астана деп атайды. Мен де әлі күнге дейін Астана дейтінімді мойындаймын. Расында да, ресми іс-шараларда құжат жүзінде Нұр-Сұлтан қаласы деп айту қиын", – деді Қарақат Әбден.
Қателікті мойындау – мәселені шешудің ең тиімді жолы. Тарихта қателік болмай тұрмайды. Ең маңыздысы, қатені мойындап, дер кезінде түзету.  Тоқ етері – осы!