«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасы аясында Түркістан облысында 2 мектеп пайдалануға берілді.
Мақтаарал ауданының Абат елді мекенінде Ж.Нұрлыбаев атындағы жалпы орта мектептің лентасы қиылды. Білім ұясы 300 орынға шақталған. Жобаның құны – 976 млн 763 мың теңге. Мақтаарал ауданында 56 мектеп бар, онда 28 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Жыл соңына дейін осы өңірде тағы бір мектеп қолданысқа беріледі. Сондай-ақ Келес ауданының Ынтымақ елді мекенінде Рақымжан Қошқарбаев атындағы №37 мектеп ашылды. 2017 жылы «Айдана» ЖШС мердігер мекемесі құрылысты аяқтамаған болатын. Былтыр ғимарат құрылысы қолға алынып, заман талабына сай етіп қолданысқа берілді. Мектеп 300 оқушыға арналған.
«AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасының Жол картасына енгізілген нысандардың құрылысы партиялық қадағалауда. Осыған орай, 15 тамыздан бастап Ордабасы ауданының Төрткүл, Мақташы, Аққойлы және Дербес ауылдарында құрылысы жүріп жатқан нысандарға партиялық бақылау бекеттері орнатылды. Негізгі мақсат – құрылыс жұмысының белгіленген мерзімде аяқталуын, сапалы орындалуын, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына баса мән беріп, тиісті шаралар қолдану. Құрылған бекеттердің жетекшілері мен мүшелері бірқатар бағытта: құрылыс сапасы, бөлінген қаржының тиімді игерілуі, құрылыс материалының талан-таражға түспеуі, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы және техникалық қауіпсіздік ережесінің сақталуы, сондай-ақ еңбекақының уақтылы төленуіне мониторинг жүргізеді.