Қостанайлықтарды қиын жағдайда қалдырмайды
Қостанайлықтарды қиын жағдайда қалдырмайды
445
оқылды
Қостанай өңіріндегі табиғи апат халқымыздың елге қам­қор, ағайынға қайырымды, жал­пыға мейірбан болмысын ке­зекті рет паш етті. Мем­ле­кет, бизнес пен бұқара бірігіп, тілсіз жау жайпаған өлке жұрт­шы­лығына көмекке келді. Қа­зірдің өзінде облысқа бағыт­тала­тын көмектің жалпы со­ма­сы 5 миллиард теңгеге жуық­­­тап қалды. Өрт салдары­нан келген залалды қалпына кел­тіру және зардап шеккен­дерге қажетті көмек көрсету мәсе­лелерін ел Президенті же­ке бақылауына алды. Арнаулы қор құрылды. Баспана тез, әрі сапалы салынбақ Төтенше жағдайлар министрлі­гінің жедел штабының хабарлауын­ша, алғашқы болып, Қостанай облысына көмекті «AMANAТ» пар­­тиясы көрсеткен. Нұр-Сұлтан қа­ласында Мәжілістегі «AMANAТ» фрак­циясы депутат­тары­ның баста­ма­сымен зардап шеккендерге гума­ни­тарлық көмек көрсететін колон­на жасақталған. Небары үш күнде аманаттықтар 1 214 тонна гумани­тар­лық көмек жинады. Бұл – азық-түлік, халық көп тұтынатын заттар, киім-кешек және басқасы. Сондай-ақ құрылыс мате­риал­дарына сұра­ныс жоғары көрінеді. Әрине, өрттің салдарынан бас­па­насынан, төрт-түлік малынан, ұзақ жыл жиған дүние-мүлкінен айырылған тұрғындарға басты көмекті мемлекет көрсетіп жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша тө­тенше жағдайдың салдарын жою мақсатында ел қазынасынан қа­жетті қаражат бөлінді. Ол қаржыға өңірде жүзге жуық жаңа үй бой көтереді. Мысалы, өрттен ең көп зардап шеккен Аманқарағай ауы­лының тұрғындары үшін ауданы 100 шаршы метрлік жаңа, көлемді баспана салынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылым­дық даму вице-министрі Ерке­бұлан Дауылбаев айтты. Оның дерегінше, жалпы ал­ғанда, Қостанай облысындағы алапат жалын 108 нысанды шар­пы­ған. Оның 91-і – тұрғын үй. Со­ның ішінде Аманқарағай ауы­лында – 85, Озерное ауылында – 6 баспана жанып кеткен. Техни­калық зерделеу қорытындысы көрсеткендей, осы тұрғын үйлер толықтай жанып кеткендіктен қайта қалпына келтіруге жатпайды. Жаңасын салу қажет. Жалын тілі шарпыған, жөндеуге келетін үй­лерге құрылыс материалдары түрінде көмек берілуі тиіс. Қазір тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін Әулиекөл ауылынан 2 гектар жер телімі бөлінді. Ондағы әр 8 сотық жерге жалпы аумағы 100 шаршы метрді құ­райтын баспана­лар салынбақ. Әулиекөл ауылы аудан орталығы болғандықтан, онда инженерлік инфрақұрылым толықтай жүргізілген. Бұл құры­лыс­ты же­делдетеді. Ауылда әлеу­меттік-тұрмыстық мақсаттағы нысандардың барлығы бар.
«Жергілікті мердігер ұйым­дар­ды тарту арқылы құрылыс-монтаж­дау жұмыстары басталды. Құрылыс жұмыстарына тек жер­гілікті өндіру­шілердің өнімі қол­данылады. Же­дел түрде жұмысты бастау туралы тапсырма қойылды. Министрлігі екі ай ішінде құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтауды мақсат етеді. Бұл үшін барлық тиісті шаралар қабылдануда. Бұл мәселе министр­лік басшысының тікелей бақы­лауын­да», – деді вице-министр Е.Дауылбаев.
6 қыркүйекте Әулиекөлде ал­ғашқы үйлердің құрылысы баста­лып кетті. Бұл ретте «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жо­балау институты» АҚ мен Ин­дус­трия министрлігінің «Мем­сарап­тама» РМК қызметкерлері жеке қаражаты есебінен инже­нер­лік жүйелердің жобасын даярлаған. Мемлекеттік сараптама да солар­дың есебінен жүргізіліпті. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов орман өрт­тері кезінде баспанасынан айы­рыл­ғандар тегіс жаңа тұрғын үймен қамтылатынына уәде етті. Ол құ­рылыс үшін қажетті жер телімдері бөлінгенін хабарлады. Аймақ бас­шы­сы Қостанай өңірінде қыс ерте түсетініне, қазан айында ызғар со­ғып, кей жерде қар жауа бастай­тынына назар ау­дартты: сондықтан жаңа үйлер қазан айының соңына дейін қолданысқа берілуі шарт. А.Мұхамбетов жауапты мамандар мен компаниялар жұмылды­ры­латы­нына, сол себепті баспана тез, әрі сапалы тұрғызылатынын айтты. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин­нің мәліметінше, 2022 жылғы 7 қыр­­­күйекте, сағат 15.00-де Қоста­най облысының Әулиекөл ауда­нын­дағы табиғи өрт ауыздық­талды. Өрт жалпы ауданы 43 мың гектарға жайылған.
«Жалындап жанып жатқан учас­келер жоқ. Қалдық от ошақ­тарын сөндіру жұмыстары жүргі­зілуде. Аманқарағай, Лесное, Озер­ное және Бағаналы ауылда­рында қарауылдау ұйымдастырыл­ды. Жанудың салдарын жою жұ­мыс­тарына жұмылдырылған күш­тер мен құралдар саны азайтылды: ТЖМ полкінің жеке құрамы және Қостанай облысының бөлімшелері оқиға орнында қалады. Қалған бөлімшелер тұрақты жұмыс орын­дарына оралады», – деді Ю.Ильин.
Өрт басталғалы жалпы саны 2 091 адам эвакуацияланды. Өрт ке­зінде 12 адам зардап шекті, бар­лы­ғына медициналық көмек көр­се­тіл­ді, бәрі үйіне жіберілді. Өкі­ніш­ке қарай, Аманқарағай ауы­лын­дағы үйінділерді тазарту кезін­де 1935 жылы туған азаматтың мәйі­ті та­был­ды. Министр Ю.Ильин­нің ай­­туынша, мүгедек­тігі бар ер адам­ды учаскелік инс­пек­тор эвакуа­ция­лау жүргізу ке­зін­де хабардар етіпті, бірақ ол бас­панасын тастап кетуден бас тарт­қан көрінеді. Со­ған қарамас­тан, енді адам өлімі фактісі бойын­ша тергеу шаралары жүргізілуі тиіс. Қостанай облысы әкімінің 2022 жылғы 5 қыркүйектегі шеші­мімен Әулиекөл және Қарасу ау­дандарында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Оған сәйкес, тілсіз жаудан жапа шеккендердің ма­териалдық шығынын мемлекет өтеп беруі мүмкін. Қостанай облы­сының әкімдігі халыққа келтіріл­ген зиянды, зардап шеккендердің санын анықтау, құжаттарды жинау жұмысын жүргізіп жатыр. Өртке оранған объектілерге техникалық тексеру жүргізілді. Өз кезегінде ТЖМ «Үкімет резер­вінен қаражат бөлу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзір­леді: онда бюджет сомасын жаңа тұрғын үйлер салуға және ин­женер­лік желілер жүргізуге бөлу көзделген. Қостанайға көмекке қанша қаржы бөлінді? Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қостанай облысында баспаналары жанып кеткен тұрғындарға 91 үй салуға 2,3 миллиард теңге жұмса­лады. Ақша Үкіметтің резервінен бөлінеді. Өрттен залал көрген өңірге биз­нес пен қоғамдық ұйымдар да көмекке келді. Ең ірі көмекті – 1 мил­­лиард теңгені Eurasian Resources Group бағыттайтынын жарияла­ды. Компаниялар тобы ол соманы Қостанай облысындағы өрттен зардап шеккендерге жәрдем беретін бірыңғай қоғамдық қор – «Қайы­рым­дылық KZ» қорына аударады. Бұл әділетті де. Себебі, осы компа­ниялар тобы Қостанай жерінің асты-үстіндегі қазба бай­лығын өндіріп, экспорттап, мил­лиард­таған доллар табыс тауып отыр. ERG-дің өндірістік активтері Қостанай облысында – Рудный, Лисаковск қалалары мен Октя­брьс­кий және Қашар кенттерінде орналасқан. Өңірдегі зардап шеккен жұрт­шылыққа тағы бір қайнар-көзден қомақты көмек келуі мүмкін. Бү­гінде 131,3 миллиард теңгеден астам қаржы сақталған «Қазақстан халқына» қоры Қостанай облы­сындағы өрттен зардап шеккен­дерге көмек көрсететінін жария­лады. Бірақ демеуқаржы сомасын атамады. Оны анықтау біраз бюро­кратиялық жұмысты талап етеді: «Апат салдары жойылған және залал көлемі анықталған соң «Қа­зақстан халқына» қоры жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңір тұрғындарына қайырымды­лық көмек көрсету тетігін пысық­тайды», – деп сырғытты қор. Жал­пы, бұл қор шабандығы мен ора­лым­сыздығы үшін сарапшы­лар­дың сынына ұшырады: Мемлекет басшысы биылғы қаңтарда тап­сыр­ғанымен, қор «қаралы қаңтар­да» қаза тапқан, зардап шеккен қарапайым азаматтарға әлі күнге қаржы аудармаған. Ал залал келген халыққа көмек дәл қазір қажет. Қостанайдың Allur және «АгромашХолдинг KZ» машина жасау кәсіпорындары әбжілдік танытып, Қостанайдағы орман өртінен зардап шеккендерге 100 миллион теңге аударыпты. Бұл авто­кәсіпорындар базасында зауыт жұмысшылары жедел штаб ұйым­дастырып, азық-түлік, тауар­ларды, дәрі-дәрмекті сатып алған, зардап шеккен ауылдарға 8 авто­бус, жеті тонналық бір отын құю­шы машинаны жолдаған. Qazaq Oil жанар-жағармай құю стансаларының ұлттық желісінің ұжымы да қамқорлықтан қалыс қалмай, 50 миллион теңге бөлген, сондай-ақ Қостанай облысында өрт сөндіруге қатысқан арнайы тех­никалар мен барлық коммунал­дық қызметтерге тегін дизельдік отын берді. PTC Holding те «Қайырым­дылық KZ» қоғамдық қорының шотына 50 млн теңге аударды. Өрт басталған кезде облыс орталығында өткен Kostanay Music Fest ұйымдастырушылары осы концерттен түскен барлық қар­жыны – 50 миллион теңгені табиғи апат зарбадын жоюға және халық­қа көмекке бағыттайтынын мә­лімдеді. Қаржы бөлу жалғасты. Қорыта айтқанда, Қазақстан­ның барлық өңірі гуманитарлық көмек пен қаржы жинауға қа­тысты. Атал­ған қорға Парламент, мем­ле­кеттік мекемелер, жеке сек­­тор бір күндік жалақыларын аударды. Пар­тиялар, ҚХА, қоғам­дық ұйым­дар, бизнес өкілдері қостанайлық­тарға қолұшын соз­ды. Halyk Bank зардап шеккендерге бір миллион теңгеден бөлетінін және олардың осы банкте қарызы болса, ол есеп­тен шығарылатынын жария етті. «AMANAT» партиясының бар­лық филиалында гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашыл­ды. Оның қызмет нәтижесін жоға­рыда айттық. Аманаттықтар және «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері өрт сөндіру және отқа оранған елді мекендерді қалпына келтіру үшін Қостанай өңіріне аттанды. Жалпы алғанда, облыстағы өрт жермен-жексен еткен ауылдарды қалпына келтіруге, зардап шеккен халықты қолдауға қазірдің өзінде 5 миллиард теңгедей қаражат пен гуманитарлық көмек бағытталуда. Бұл көмектің қалай және қанша­лық­ты тиімді жұмсалғанына «Қа­йырым­дылық KZ» қоғамдық қоры алда халыққа егжей-тегжейлі есеп бергені жөн. Салыстыру үшін айтсақ, 2019 жылы әскери қару-жарақ қойма­сы­ның жарылуынан қираған Арыс қаласын қалпына келтіруге, яғни тұтас шаһарды қайта салып шығуға жалпы сомасы 56,1 миллиард теңге шығындалған. Мұны сол кездегі Қаржы министрі Әлихан Смайы­лов мәлімдеген еді. Соның ішінде 27,5 миллиарды – Үкімет резер­ві­нен, 20 миллиарды – барлық өңір әкімдіктерінен, 6 миллиарды – «Самұрық-Қазына» қорынан ба­ғытталды. 2,6 миллиард теңге демеу­шілік және қайырымдылық көздерінен алынды. Қоғамы мейірімді, шапағатты мемлекеттің бола­шағы жарқын, әлеуеті зор, алар асуы заңғар болмақ.