Қазақстан аумағының басым бөлігінде солтүстік-батыс антициклонының әсерінен жауын-шашын жаумайды.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, тек қана солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыста циклон мен атмосфералық фронттар әсер етеді.
Осыған байланысты аталған өңірлерде жаңбыр жауады, шығыста, оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Түнде Алматы облысының таулы аудандарында нөсер жауын-шашын болады.
Қазақстан бойынша желдің күші – 15-23 м/с, еліміздің шығысы мен оңтүстік-шығысында екпіні 23-28 м/с-ке жетеді.
Күндіз Маңғыстау облысында шаңды дауыл соғады.
Елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында – түнде және таңертең тұман болады. Күндіз Жамбыл облысының таулы аудандарында бұршақ жауады.
Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстарының басым бөлігінде, Абай облысының оңтүстігінде, шығысында, солтүстігінде, орталығында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-шығысында, Атырау облысының батысында төтенше өрт қаупі, Қостанай облысының оңтүстігінде жоғарғы өрт қаупі сақталады.
Түнде Ақмола облысының солтүстік-батысында, Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік-шығысында, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының солтүстігінде топырақ бетінде 1-2 градус үсік жүреді.