Бүгін Алматы қаласында «Тоқаевтың реформалары үшін» жаңа қозғалысының алғашқы баспасөз конференциясын өткізді.
Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастаманы белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Олардың қатарында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов және т.б. бар.
[caption id="attachment_217321" align="alignnone" width="1296"] Фото: А.Мұрзанов[/caption]
Бірлестік құрудың басты идеясы – Мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасау.
«Жалпы, 2019 жылы басталған Президент реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. «Қайғылы қаңтар оқиғасынан» кейін қоғамды демократияландыру мен либералдандыру процестері қарқынды жүруде. Сондықтан біз азаматтық қоғам осы өзгерістердің бел ортасына табылуы қажет деп санаймыз. Біздің қозғалыс үгіт-насихат үшін емес, процестерге қатысу үшін құрылған. Біз қазір реформаларды қолдап, осы маңызды кезеңді соңына дейін жеткізуіміз керек», – деп атап өтті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек.
Қозғалысты құрушылар партиялық дода алаңын либералдандырып, мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын жетілдіруге және т.б. бағытталған саяси жаңғыру – демократиялық процестерді жандандырып, азаматтық қоғамды дұрыс бағытта саясиландырды деді.
«Қазақстанда қазір саяси партияларды құрған және құруға дайын, тіркелу үстіндегі, сайлау науқандарына қатысу жоспары бар, билік үшін күресу ісіне шындап кірісіп жүрген адамдар мен бірлестіктер пайда болуда. Президент бүгінде барлық партиялардан өзін шеттеді. Сондықтан реформаларды қолдауға арналған қоғамдық қозғалыс құру ісін біз реформаларға қатысу үшін неғұрлым тиімді әрі ыңғайлы ұйым деп санадық. Біздің қатарымызға ниет білдірген барлық азамат қосыла алады. Қазақстандағы өзгерістерді жақтайтын адамдар саны басым болады деп сенеміз», - деді бастамашыл топ өкілдері.
Қозғалыс мүшелері әрбір қазақстандықтың реформалардың ойдағыдай іске асуына мүдделі екенін, себебі оның әрбір кезеңін іске асырған сайын қарапайым ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі көтеріле түсетінін атап өтті.
«Күні кешегі Жолдауда Президент өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірқатар шараны жариялады. Атап айтқанда, бала туғанда төленетін жәрдемақы мерзімін ұзарту, Ұлттық қор табысының бір бөлігін барша қазақстандық балалардың игілігіне жұмсау, «Самұрық-Қазынаның» таза табысының 7%-ын «Қазақстан халқы» қорына аудару және т.б. Бұл – қаншама жылдан бері еліміздің әрбір азаматы енді ғана нақты сезінген келешек ұрпақ игілігіне арналған инвестиция. Бұл бастаманың алғашында халық арасында біраз әбігер тудырғаны белгілі. Осының негізінде халық қазір осы бастамалардың барлығының нақты іске асқанын қалайды. Сондықтан біз осыларды аяғына дейін жеткізу үшін Мемлекет басшысына мүмкіндік беріп, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», – деп атап өтті қозғалысқа қатысушылар.
Баспасөз мәслихаты соңынан қозғалысты құрушы бастамашыл топ өз үндеуін жариялады.
"Біз тұлғаның айналасына шоғырлануға үндеп отырған жоқпыз. Қайта идеяның айналасына топтасуға шақырамыз. Елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан реформалау – Жаңа Қазақстанға жеткізетін жол.
Біз реформаны жақтаушылардың қаншалықты көп екенін көрсету үшін бірігейік деп отырмыз. Ал біздің өте көп екеніміз анық. Әрине, осы арқылы кімнің алға жылжығысы келмейтінін де, кімнің іштей не ашық ескі Қазақстанды аңсайтынын да білеміз. Таңдау жасар сәт туды", – делінген үндеуде.