Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай елорда атауын өзгертуге қатысты депутаттар ұсынысына Президенттің ұстанымын жеткізді.
Айта кетейік, жақында Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдіргені мәлім.
Руслан Желдібайдың хабарлауынша, депутаттардың бұл бастамасы туралы Президент хабардар. Халық қалаулылары өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтінішіне сүйенді.
Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен конституциялық заң жобасына енгізілді.
"Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа нысандар өз атауларын сақтап қалуы тиіс", – деп жазды ол.
Бұған дейін Парламент Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшесі Еділ Жаңбыршин елорданың бұрынғы атын қайтаруды ұсынған болатын.