Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған жағдайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуі сөзсіз саяси маңызы зор оқиға болды. ҚХР басшысы одан кейін Өзбекстанда 15-16 қыркүйек күндері өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысады. Дегенмен Қытай басшысының сапары Қазақстан ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін де маңызды болса керек.
ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАЛҒАСАДЫ
Айта кетейік, бұған дейін 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріліп, қос мемлекеттің бұған дейінгі қол жеткізген уағдаластықтарын сатылап жүзеге асуына септігін тигізген-ді. Сол кезде Қытай Төрағасының да Қазақстанға келуі туралы әңгіме қозғалып еді, алайда оның жүзеге асуына пандемия кедергі болған. Енді, міне коронавирус пандемиясы басталғалы бері екі жылдан астам уақыт бойы сырт елдерге шықпаған Си Цзиньпиннің алғашқы сапарын біздің елден бастауы тегін емес. Өйткені Қазақстан қазіргі күнде Қытайдың Еуропаға ашылған «терезелерінің» біріне айналды. Одан бөлек, өңірдегі геосаяси ахуалға қатысты қос мемлекет басшыларының пікірлесіп алғаны да артықтық етпейді.ҚАЗАҚ–ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, Қытай Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі бойынша Нидерланд, АҚШ, Швейцария және Ресейден кейінгі 5-орында (21,7 млрд доллар) тұр. Биылғы жартыжылдықта екі тараптың арасындағы сауда айналымы 11,26 млрд долларды құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 36,2 пайызға көп. Өңірді санкциялық соғыстар дүрліктіріп тұрғанда мұндай көрсеткішке қол жеткізу үлкен жетістік. Сондай-ақ Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасы бірін-бірі толықтыра түсті. Әлемдегі жалпыэкономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында бұл жобалар жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаратын кәсіпорындардың ашылуына септігін тигізді. Қытайдың Ляньюньган портында орналасқан бірлескен терминалы арқылы Қытайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттеріне, Каспий маңы елдеріне жөнелетін контейнерлер тасымалын артты. Бұл Қазақстанның транзиттік, логистикалық мүмкіндіктерін жан-жақты аша түсті. Осы фактор Қазақстанда «Қорғас – шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын құруға ықпал етті. Жалпы ұзындығы 900 шақырым болатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа теміржол дәлізі іске қосылды, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халырақалық автокөлік магистралы пайдалануға берілді. Қазір екі ел Еуразияның кең-байтақ кеңістігінде тиімділігі жоғары және ыңғайлы мультимодальды көлік артериясын құру бойынша белсенді жұмыс істеуде. Мемлекеттер арасындағы барлық 5 автокөлік өткізу пункті мен 2 теміржол өткізу пункті қалыпты режимде жұмыс істей бастады. Сондай-ақ ҚХР Төрағасының ақпараты бойынша, қос тараптың жаңа теміржол өткізу пунктін ашу мүмкіндігі талқылануда.САММИТКЕ ПУТИН ҮШІН КЕЛМЕЙДІ
Си Цзиньпин Қазақстан астанасынан кейін Өзбекстанның Самарқанд қаласына барып, 15-16 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысады. Қызығы сол, ресейлік медиа Самарқандқа Қытай басшысы В.Путинмен кездесу үшін келе жатқанын айтып, жаһанға жар салып жатыр. Алайда іс жүзінде Самарқанд саммитіне 15 мемлекеттің басшысы қатысады. Демек, Си Цзиньпиннің Орталық Азияға сапары Мәскеу үшін емес, бірінші кезекте Қытай мемлекетінің мүддесі үшін ұйымдастырылды деген сөз. Өйткені ШЫҰ аясында 20-ға жуық құжатқа қол қойылып, арнайы Декларация қабылданбақ. Сонымен қатар басқосуда өзара есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін арттыру жайы да талқыға түсуі мүмкін. Бұл, әлбетте ресми Бейжиңнің қолайына жағады. Өйткені дедолларизацияға Қытай әрқашан мүдделі еді. Оның үстіне, соңғы кездері АҚШ және оның одақтастарымен арада салқындық бар. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Ненси Пелоисдің Тайваньға сапары үшін Уашингтонға қыр көрсетуге де тырысқан.Арал маңында бірнеше әскери жаттығу өткізіп, сес көрсеткенімен, одан АҚШ шенділері ыға қойған жоқ. Ал америкалықтарға қарсы нақты әрекет жасай алмағаны үшін Си Цзиньпиннің беделі түсіп кетпесе, арта қоймағаны тағы бар. Міне, осындай жағдайда Самарқанд саммитіне төңіректегі елдердің «төбе биі» болып төрде отыру, бәлкім мәртебе сыйлауы ғажап емес. Бірақ Самарқанд саммитінде де ШЫҰ НАТО-ға балама боларлық құрылымға айнала қоюы неғайбыл. Тек ұйым қатарына Иран ресми түрде қосылуы мүмкін. Тіпті, жиында Украинаға қатысты пікір де айтылмайтын шығар. Өйткені Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің көпшілігі Украина–Ресей қақтығысын үнсіз қабылдады, әйтпесе бейтараптық танытты. Ресми Бейжің Мәскеуге ашық қолдау көрсетпегенімен, іштей жақтасатын сыңай ғана танытты. Батыс санкцияларына қосылмады. Себебі Қытай үшін өз мүддесі әрқашан бірінші орында тұрады. Сондықтан Си Цзиньпиннің саммитке қатысуы шара аясындағы өтуі мүмкін екіжақты кездесулер кезінде аймақ елдері басшыларының тамырын басып көруге бағытталуы ғажап емес.Тіпті, Ауғанстанда салыстырмалы түрде тұрақтылық сақтап отырған «Талибан» қозғалысына қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға ұмытуы ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, Самарқанд саммитіне қатысуға бел буған Қытай төрағасының бір білгені бар.«САЯХАТТАР» ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН БАСТАЛАДЫ
Жаһандық медиа ресурстар пандемиядан кейін алғаш рет шетелге шықты деп жар салып жатқан Си Цзиньпин Қазақстанға сапары мен Самарқанд саммитінен кейбір біраз мемлекетке баратын сыңайлы. Ресми ақпараттарға қарағанда, ол қараша айының екінші жартысында Индонезияда өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуы тиіс. Бұл Қытайдың әлемдегі ең ірі екінші экономика және өнеркәсіпті ел ретіндегі позициясын нығайта түседі. Аталған жиыннан кейін Си Бангкокте өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығының форумына да баруы мүмкін. Алайда бұл дерек әлі толық расталған жоқ. Дегенмен бірнеше халықаралық шараларға қатысқан Қытай төрағасы ел ішіндегі беделін де көтеруі мүмкін. Бәрі оның жиындарда қандай сөз айтып, қандай ұстаным танытқанына байланысты болмақ. Ал беделдің өсуі Си Цзиньпиннің жеке басының саяси мансабына да тікелей әсер етеді. Коммунистік партия лидері ретінде ол үшінші рет бес жылға төраға болып сайланғалы отыр. Бұған дейін Қытай Халық Республикасының төрағалары екі реттен артық билікте отыра алмайтын. Мұндай шешім ҚХР негізін қалап, ондаған жыл бойы халықты жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған Мао Цзедун өлгеннен кейін диктаторлықты жою мақсатында қабылданған болатын. Әйтсе де, Қытай билігі басқарудың екі тізгін, бір шылбырын уысынан шығармаған. Сөйтіп, оппозицияға төзбейтін Қытай коммунистік партиясы ел ішіндегі саясатты, ақпаратты, баспасөз құралдарын толықтай бақылауға алып, Си Цзиньпиннің төрағалыққа үшінші рет сайлануына жағдай жасап берді. Батыс ақпарат құралдарының айтуынша, ел ішінде оның жеке басының билігін нығайтуына, экономиканы әлсіретуіне, саяси оппоненттеріне күш қолдануына, коронавирус пандемиясы кезіндегі қатаң шаралар қолдануына қарсы наразылық өршіген сыңайлы. Дегенмен Қытай еліне қатысты көптеген ақпараттың ақиқаты қайсы, жалғаны қайсы екенін ажырату қиын болатынын, әдеттегі көптеген болжамның расталмайтын да мойындаған дұрыс. Сондықтан біз тек болжам ғана айттық. Біздің пайымдауымызша, коммунистік партия съезі қарсаңында екі жыл бойы ел ішінен шықпаған Си Цзиньпиннің бірнеше шетелге сапарлап, тағдыршешті ірі шараларға қатысуы, оның шатқаяқтай бастаған позициясын қайтадан күшейте түсуі мүмкін.