«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдаулары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты

«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдаулары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты

«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің сапары жалғасуда. Партиялықтар Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты. Бір күн ішінде 4 шалғай елді мекен қамтылып, қабылдауға 100-ден астам азамат келді.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғындары «AMANAT» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдеріне сумен жабдықтау, кентішілік, аудандық жолдарды жөндеу, абаттандыру және өзге де өзекті мәселелер бойынша жүгінді.

Мәселен, Аралтөбе ауылының тұрғыны Гүлнар Кенесарина газбен қамту мәселесін қозғады.

«Осы ауылда 30 жыл тұрып жатырмын. Газ тартылды. Алайда бір үйді көгілдір отынға қосу үшін 400 мың теңге сұрап отыр. Ал менің зейнетақым небәрі 50 мың теңге. Күйеуім екеуміз мүгедек жандармыз. Сонда бізге не істе дейсіздер? Үйді тезек жағып жылытып отырмыз. Бір арба тезектің құны 20 мың теңге. Бұған қоса, жеткізіп беру үшін тағы 3 мың теңге төлейміз. Себебі жеткізіп беретін трактордың дизель отыны қымбат тұрады. Зейнеткерлер мен мүгедектердің үйін газға тегін қосып беруді сұраймыз», – дейді зейнеткер.

Сол күні партиялықтар Қызылорда облысының Жалағаш ауданында болды. Аққұм ауылдық округі тұрғындарының атынан сөйлеген зейнеткер Өміртай Әбжалиев ауылдағы аурухананы қалпына келтіріп, ғимаратты жөндеуден өткізіп беруді сұрады.

«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдаулары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты

Ал Дүр Оңғар ауылының тұрғыны Нұрсерік Бохаев жол жөндеу және газбен қамту мәселелерін қозғады.

«Ауылдың жол сапасы өте нашар. Қысы-жазы қиыншылық көреміз. Тағы бір өзекті мәселе – жылыту. Қазір көмір мен отынның құны аса қымбат. Егер ауылға газ тартылатын болса, тұрғындар саны да артатын еді. Бүгін «АМАNAT»-тың мобильді бригадасы өтініш-тілегімізге құлақ түрді. Партияның қолдауымен жол салынып, газ тартылады деген үміттеміз», – деді ол.

Ауыл әкімі Әбимүслім Қоқановтың айтуынша, келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Ал 2024 жылы елді мекенге газ тартылады.

«Наурыздан бері 800-ден астам шалғай ауылдық елді мекенде болып, 7 мыңнан астам азаматты қабылдадық. Жалпы, жыл басынан бері «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына 100 мыңнан астам адам жүгінді. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 29%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 17%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу  10% мәселелері толғандырады», – деді «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі жетекшісінің орынбасары Азамат Біржанов.

«AMANAT»-тың мобильді қоғамдық қабылдаулары Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарына жолға шықты

Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: Call орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); WhatsАpp: 8 700 800 4441; e-mail: komek@amanatpartiasy.kz.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.