Айдос Сарым: Бізді шайқалтпай, басқару жүйесін сындырмайтын тұрақтылық қажет
Айдос Сарым: Бізді шайқалтпай, басқару жүйесін сындырмайтын тұрақтылық қажет
346
оқылды
Саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, Президенттің жеті жылдық мерзімге сайлануы және кезектен тыс сайлаудың өтуі – елімізге қажетті шара. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жайында өз сөзінде де айтты. Қазір еліміз шешуші кезеңге аяқ басып отыр. Бір жарым айдың ішінде Парламент Президент ұсынған барлық заңды қабылдап бітеді. Яғни, елімізде жаңа саяси бәсекелестіктің оң ережесі пайда болады. Сол себепті де оны ұзаққа созбай, мемлекеттік институттарды жаңалау, оған жаңа азаматтарды тарту – кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені жаңа заңдардың күшіне енуі алдағы уақытта жаңа партиялардың құрылуына, олардың жасақталып, келесі жылдың сайлауына қатысуға толық мүмкіндігі бар. Әрине, әр жерде мүмкіндіктеріміз әртүрлі болуы ықтимал. Себебі әр партияның әлеуеті әртүрлі. Тіпті, бүгін партия боламын деп үміттеніп жүргеннің көбісі ертең тіркеуден өте алмай қалуы мүмкін. Бұл биліктің қысастығынан не болмаса қысымынан емес. Қаржы жетіспеушілігі немесе аймақтағы азаматтардың жетіспеуі мүмкін. Саясат дегеніміз – интернетте отырып, фейсбукте әңгіме-дүкен құру емес. Кем дегенде жиырма аймақта өз жақтастарының болмауы, сенің ықпалыңнан шықпауы, бір мақсатқа жұмыла жұмыс істей білуі  – осының бәрі әсер етеді. Міне, осы кезде кімнің-кім екенін көре аламыз. Қайсысының қоғам ішінде қолдайтынын не болмаса қайсысының жөн-жосықсыз, әлеуметтік желіде өзін-өзі жарнамалап отырғанын. Ал бұл – билікке де, қоғамға да тиімді. Сондықтан әркім өзінің мүмкіндігін байқап көре алады. Ең әуелі бұл реформа – даурықпа әңгімеге, деміккен популизмге, демогогия және басқасына тосқауыл болатын шара. Біз – өзгеріс үстіндегі елміз. Бізді әлі үлкен өзгерістер, сынақтар күтіп тұр. Осының бәрін ескерсек, алдағы 7 жылдың ішінде кем дегенде екі мәжіліс сайлауын өткізетін мүмкіндік бар. Саяси дәстүрдің қалыптасып, өмірлік тәжірибеге, азаматтардың танымына сіңетіндей қалыптастыру үшін белгілі бір уақыт керек. Оны жүргізетін, сөзсіз мықты президент билігі ауадай қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің саяси жауапкершілігін білетін, білікті саясаткер. Оның билікті монополизациялауға құлқы да жоқ.  Сондықтан өзі ұсынған реформаларды  түбегейлі іске асырып, аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік беруіміз керек. Кез келген жаңа институт өзімен бірге, жаңа қақтығыс пен жаңа қатынастарды әкеледі. Сондықтан бізге елді шайқалтпай, басқару жүйесін сындырмайтын тұрақтылық қажет,  – деді депутат Айдос Сарым.